5 желтоқсан күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Сауда, қызмет көрсету және туризм кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиынға кеңес төрайымы Ақмарал Абдразақова, кеңес мүшелері, қоғамдық тамақтандыру орындарының және туристік агенттік өкілдері, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша тергеп-тексеру департаменті мен ҚР Ұлттық банкі Қызылорда облысы бойынша филиалының басшылары және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Кеңес отырысының күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Жалған ақша анықтау белгілері туралы Қызылорда облысы бойынша тергеп-тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңесұлы және департамент қызметкерлері толыққанды ақпарат беріп, бизнес өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар, Қазақстан Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының өкілі жиынға қатысушыларға еліміздің банкноттарына қатысты қызықты ақпарат айтып, соңғы өзгерістермен таныстырды.

Өздеріңізге белгілі, 2023 жылы Өңірлік палатаның бастамасымен Қызылорда қаласында және өңірдің жеті ауданы бойынша бөлшек салық мөлшерлемелері 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді және жергілікті өкілді органдардың шешімі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ретроспективті түрде қолданысқа енгізілген болатын. Осыған орай, облыстық кірістер департаментінің өкілдері 2025 жылға бөлшек салықтың төмендетілген мөлшерлемесінің қолданылуы және бөлшек салық режимінің талаптары туралы түсіндірме жүргізді.

Алдымыздағы жаңа жыл мерекелерінде барлық қоғамдық тамақтандыру орындарында, банкеттік залдарда мереке тойланып, әсіресе жасөспірімдер тарапынан түрлі пиротехникаларды пайдалану салдарынан қайғылы жағдайлар орын алуы мүмкін. Бұндай жағдайлардың алдын алып, болдырмау мақсатында Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірме жүргізді.

БӨЛІСУ