Бүгін Қызылорда қаласында 6 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Прокуратурасы күніне арналған мерекелік салтанатты шара өтті. Оған жергілікті және уәкілетті атқарушы органдар, облыс, қала және аудан прокуратурасының қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шарада облыс прокуроры Ризабек Ожаров сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
«Қадірлі прокуратура саласының қызметкерлерлері! Құрметті сала ардегерлері! Сіздерді 6 желтоқсан – Прокуратура күні кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.
Қазіргі таңда қоғам өмірінің барлық саласында заңдылықтардың сақталуын қадағалайтын прокуратура органдарының рөлі айрықша.
Прокуратура қажырлы еңбекті талап ететін күрделі сала. Осы жауапты міндеттерді орындау үшін табандылық, парасаттылық, білім мен білктіліктің де қажет екендігі айқын.
Осы ретте, елдің дамуы мен тұрақты орнығуы, құқықтық қызметті қалыптастыру жолында еселі еңбек етіп келе жатқан әріптестеріме зор алғысымды білдіремін»,- деп сала қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Мереке қарсаңында «Үздік тергеу прокуроры», ««Үздік қадағалаушы», «Үздік мемлекеттік айыптаушы» және «Үздік прокуратура» номинациялары бойынша жыл үздіктері анықталды.
Сондай-ақ жемісті еңбек етіп, жоғары нәтижеге қол жеткізген бірқатар сала қызметкерлеріне ҚР Бас Прокурорының, облыс прокурорының алғыс хаттары табыс етілді.
Прокуратура күні мерекесіне орай шахмат турнирінде жеңіске жеткен және облыстық прокуратура органдары қызметкерлерінің балалары арасында өткізілген сурет байқауында жеңімпаз атанған балалар марапатталды.