Бүгін «Мұз айдыны» спорт кешенінде көркем гимнастикадан Қызылорда облысының ашық чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Бұл чемпионатқа Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары, Алматы қаласы, Риддер, Тараз, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан келген 350-ден астам көркем гимнастшы өз өнерлерін көрсетпек.
Ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов арнайы қатысып, жас өрендерге сәттілік тіледі.
-Көркем гимнастика – өзгеше бағыттағы ең сұлу спорт түріне жатады. Сондықтан да өңірімізде дәл осы спорт түріне сұраныс ерекше артып келеді. Бүгінде облыстағы жас гимнастшы қыздар халықаралық, республикалық, облысаралық жарыстарда үнемі топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Бүгінгі ашық чемпионатқа да еліміздің түкпір-түкпірінен келген көркем гимнастшылар сынға түсіп, өзара бақ сынаспақ. Жарыс қатысушыларына сәттілік тілей отырып, еліміздің ең үздік жас гимнастшылары анықталады деп сенемін, – деді Жігер Оңдасынұлы.
Іс-шара соңында Жігер Оңдасынұлы көркем гимнастикадан ҚР спорт шеберлігіне кандидат атағын Меруерт Балғабай, Ақнұр Маратова, Алина Әділбекке табыстап, құттықтады.
Айта кетейік, көркем гимнастикадан Қызылорда облысының ашық чемпионаты 8 желтоқсанға дейін жалғасады.