Партияның қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Арай мөлтек ауданындағы партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан 1500 орындық «Жайлы мектеп» құрылысымен танысты.
Мектеп құрылысына 6 млрд. 638 млн. теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер компания «Абу-Сер» ЖШС-гі жүргізуде.
Өз кезегінде Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мердігер мекеме өкіліне құрылыс барысы бойынша бірқатар сауалдарын қойып, ұсыныстарымен бөлісті.
Айта кетейік, Партиялық бақылау бекеті құрылыс толық аяқталғанға дейін өз жұмысын жалғастыра беретін болады.
Жалпы еліміз бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 401 мектеп салынбақ. Оның 217-сінің құрылысы былтыр басталған. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ ресми сайтында берілген ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы 185 нысанға конкурс жарияланып, 32 мектепке жер телімдерін бөлу жұмыстары жүргізілуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп салынатын өңірлер қатарында Қызылорда облысы да бар. Аймақта 2025 жылға дейін 15 100 орынға арналған, құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп бой көтереді деп жоспарланған. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, былтыр 10 білім ошағының құрылысы басталды. Ал оның 5-еуі облыс орталығына салынады.
Білім ошағын салу тұрғындардың қажеттілігі негізінде жүзеге асатыны белгілі. Қазіргі таңда шаһардағы білім ордасы қажет деген шағын аудандар анықталған, соған сәйкес орындар белгіленген. Мәселен, сол жағалауда 900 орындық, Арай, СПМК-70 шағын ауданында 2000, КБИ шағын ауданында 600, Қызылжарма ауылдық округінде 900 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде.
Жоспар бойынша ұлттық жобамен іргесі қаланатын жайлы мектеп барлық ауыл-аймақ, қалада бірыңғай стандартпен салынады. Басты ерекшелігі бастауыш сынып оқушылары бөлек, жоғары сынып оқушылары бөлек блокта білім алады. Балалардың қауіпсіздігі үшін әр блокта бейнебақылау, дыбыстық хабарлау сынды күшейтілген қауіпсіздік құрылғылары орнатылмақ. Сондай-ақ қолайлы жағдай жасау мақсатында оқушылардың оқу құралын, ауыстыратын артық киімін қоюға арналған шкафтар орнатылады. Бос уақытты тиімді өткізуге, шығармашылығын шыңдауға да лайықты жағдай жасалады. Бұл білім ошақтарында физика, химия, биология және робототехника сыныбы заманауи құралдармен жабдықталады. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылып, сыныптарға touch-экрандар орнатылады. Бұдан бөлек ерекше балалардың білім алуына да бар мүмкіндік жасалады. Оқушылардың мектеп қабырғасында спортпен еркін айналысуына да қолайлы болмақ. Жайлы мектептің жобалық қуатына сәйкес бірнеше спорт залы болады. Мұндай мектепте тек оқушыларға емес мұғалімдерге де жағдай жасалады. Білім ошағына қатынау үшін қоғамдық көлік, жаяу жүргіншілер жолы, жарық бағаналары сынды мәселе туындамайды. Ал осыншама мүмкіндік қарастырылған нысанның құрылысы мемлекет тарапынан қаржыландырылады.