Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Испанияға жұмыс сапары кезінде Барселона қаласында инвесторлармен кездесті. Облыстан арнайы барған делегация «Glovo» компаниясының халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Вильям Бентхоллмен жүздесіп, курьерлік қызмет саласында бірлесіп жұмыс жасау ниетін білдірді.
«Бүгінде уақыт тығыз болғандықтан, курьерлік қызмет қарқынды дамып, сұраныс күннен күнге артуда. Оның ішінде «Glovo» компаниясының қызмет сапасы біз үшін өте қолайлы. Қазақстан нарығында 5 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейтін бұл компания еліміздің 14 ірі қаласында шоғырланған. Қызылордада халықтың 50%-ы сіздің компанияны таңдайды.
Қызылорда облысы Қазақстан Республикасының оңтүстік-батысында орналасқан. Әріптестік пен инвестициялар үшін өте қолайлы, қарқынды даму сатысындағы өңір. Көлік-логистикалық әлеуеті, инфрақұрылым желілері дамыған. Минералдық-шикізат ресурстарының қоры бай, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері зор.
Еліміздегі қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың, сирек кездесетін элементтердің, атап айтқанда, ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16%-ы, қорғасынның 11%-ы және уранның 15%-ы облыс аумағында орналасқан. «Glovo» сияқты беделді серіктеспен жұмыс жасау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз Қызылорда облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз», – деді Н.Нәлібаев.
Әрі қарай Salinera Espanola тұз өндіретін компания өкілімен онлайн кездесу өтті. Әңгімелесу барысында Қызылорда облысының Арал ауданындағы тұз өндірісінің тарихы бір ғасырға жуықтап қалғаны, “Аралтұз” АҚ-ның еліміздегі ең ірі ас және техникалық тұз өндіруші әрі экспорттаушы кәсіпорын екені айтылды. Оған қоса, өңірде “Алтын орда” тұз өндіруші серіктестігі бар. Қазақстандық тұздың 90%-ы Қызылорда облысында өндіріледі.
Сондай-ақ, “Абзал және К” ТС өкілі Сағидолла Сыздықов “Gro in Desarrollos” ауыл шаруашылығын цифрландыру қондырғыларын шығаратын компаниямен меморандумға қол қойды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі