ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ: ОҚУ СЕМИНАРЛАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

«AMANAT» партиясының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқу семинарлары аяқталуға жақын. Атап өтейік, биыл жоба аясында облыс бойынша 11000 мың азаматты тегін қаржылық сауаттылық арттыру курсынан өткізу жоспарлаған болатын. Бүгінгі күнге 10176 адам қаржылық сауаттылығын арттыру курсынан өтіп, жоспар 92,5% орындалып отыр. Қалған азаматтар 13 желтоқсанға дейін оқу курсынан өтетін болады.

Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен жобаны іске асыруға бағытталған аймақтық Жобалық топ кеңесінің отырысы өтті. Оған қаржылық сарапшылар, жобаны іске асыру бойынша аймақтық жобалық топ мүшелері болып табылатын қалалық, аудандық әкімдіктер өкілдері мен партияның аумақтық филиалдарының атқарушы хатшылары қатысты.

Жиында партия филиалының төрағасы жоба нәтижесін атап өтіп, жауапты тұлғаларға бірқатар міндеттер жүктеді. Яғни, межені жыл соңына дейін атқару үшін, азаматтардың курстарға қатысу саны мен сапасына мән беру, ақпараттандыру жұмыстары қарқынын жетілдіруді тапсырды.

«Жоба тиімділігін ақпараттандыру бойынша облыс бойынша арнайы Медиа жоспар бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Алайда елді мекендерде жобаны ақпараттандыру бойынша билбордтар орналастыру мен БАҚ пен желілерде әлеуметтік роликтер жариялау жұмыстары әлі де жетілдіруді қажет етеді. Билбордтар орналастыру бойынша алдағы жылдың бюджетіне қаражат қарастыру мәселесін жергілікті жерде тиісті бөлімдер арқылы жоспарлау қажет. Лектор-тренерлер курстардан бос уақыттарында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізіп, құжаттармен және есептерімен жұмыс жасаулары үшін, жобалық кеңсе-офистер жұмысын тиімді ұйымдастыру қажет»,- деді Алмасбек Есмаханов.

Атап өтейік, келер жылы жоба аясындағы оқу курстары қаңтар айынан басталып, мазмұнына бірқатар өзгерістер де енгізілмек. Яғни, оқу курстарынан тек 90 күн мерзімі өткен берешегі бар азаматтар ғана оқытылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды «Қарызсыз қоғам» жобасының облыс бойынша менеджері Наталья Мишукова атап өтті.

Жиын соңында алдағы міндеттер пысықталып, ұсыныстар ортаға салынды.

БӨЛІСУ