Астанада ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өткен Республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Олимпиаданың соңғы кезеңіне 486 оқушы қатысып, оның ішінде 221 оқушы жеңімпаз атанса, біздің өңірімізден барған дарынды 40 оқушының 25-і жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Жұмашев Қанибек Бекболатұлы: “Оқу-ағарту министрі Ғани Бектаұлы Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақсатында республикалық олимпиада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Егер былтыр олимпиаданың бірінші кезеңіне 78 мың оқушы қатысса, биыл олардың саны 113 мыңнан асты. Бұл ауыл оқушыларының интеллектуалдық жарыстарға деген қызығушылығының артып, республикалық олимпиаданың мәртебесінің жоғары екенін көрсетеді. Баршаңызды жетістіктеріңізбен құттықтаймын және білім жолында жаңа табыстар тілеймін!” – деп, өз құттықтауын білдірді.
“Олимпиаданың ең жас қатысушысы” номинациясы бойынша дипломдармен Павлодар облысынан Имран Құсайын мен Қызыллрда облысынан барған команданың ең жас мүшесі Төре Балтабаев марапатталды. Бұл оқушылардың екнуі де 6-сынып оқушылары бола тұра, 9-сыныптың бағдарламаларына сәйкес тапсырмаларды орындады.
«Мен 6-сыныпта оқимын, бірақ олимпиадаға 9-сынып бағдарламасы бойынша қатысамын. Біздің елде білім алып, ғылыммен айналысуға көптеген мүмкіндіктер бар екенін мақтан тұтамын. Мемлекетіміз талантты балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біз үшін олимпиадалар, байқаулар ұйымдастырылады, ал үздіктер халықаралық жарыстарға жіберіледі. Мен де олимпиадалық резервтің бір бөлігі болуды, білімімді жетілдіріп, бір күні елім үшін алтын медаль ұтып алуды армандаймын!» – деп бөлісті Төре Балтабаев.
Жоғарыда айтып өткендей білім бәсекесінде біздің өңірден жүлдегер атанған 25 қатысушыдан 7 оқушы алтын медаль, 10 оқушы күміс медаль, 8 оқушы қола медаль, 4 оқушы Алғыс хатпен марапатталып, республикалық кезеңнен алғашқы орынға шығып, Сыр елінің абыройын асқақтатты!
Естеріңізге сала кетейік, олимпиадаға қатысушылар математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндері бойынша өз білімдерін сынады.