Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістен кейін шаһар басшысы Нұржан Ахатов теміржол және транзиттік әлеуетті арттыру, жылу маусымында қатты отынның тапшылығын болдырмау бағытындағы шараларды пысықтап, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

– Өздеріңізге белгілі, облыс әкімінің үйлестіруімен темір жол вокзалы қайта жаңғыртудан өтті. Перрон жаңаланып, заманауи жарық шамдар орнатылды. Аумақтағы сауда дүңгіршектері алынып, орнына павильондар салынды. Вокзалға барар жол да өзгеше кейіпке енді. Ендігі мақсат – вокзал аумағын таза ұстап, қауіпсіздік шараларына ерекше мән беру керек. Өйткені жолаушыларға жайлы жағдай жасалынуы қажет. Сондықтан вокзал айналасына және темір жолдың екі жақ бетіне күнделікті санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Бұдан бөлек, сала басшыларына жылу беру маусымында қатты отынның жеткілікті деңгейде жеткізілуін ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін міндеттеді.

БӨЛІСУ