Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы еліміздің отбасылық-демографиялық саясатының өзекті мәселесі. Адам өмірі мен денсаулығы, құқығы мен бостандығы –қашанда ең басты құндылық. Осы тақырыпта бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг өтті. БАҚ өкілдерімен кездесуге Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева, Қызылорда облысы ПД Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Рауан Альдешов, «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов келді.

-«Зорлық-зомбылық – бір қоғамның немесе жеке мемлекеттің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің басты мәселесіне айналған сұрақ. Себебі, отбасында жасалатын зорлық-зомбылық қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігіне, тікелей әсер етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері үшін құқық бұзушыларға жаза бірнеше рет қатаңдатылды. Қазір Полиция жәбірленушінің арызынсыз құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғайды. Сотта татуласуға бір–ақ рет мүмкіндік бар. Сондай-ақ, сот шешімімен берілетін жазалардың санкциясы 5 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұзартылды. Облыс бойынша полицияға келіп түсетін шағымдар мен қоңыраулардың саны төмендеді, – деді Рауан Қырымұлы.
Соңғы жылдар ішінде осы салада заңнамалық өзгерістерден бөлек басқа да бірқатар шаралар іске асырылды.
-«Неке және отбасы» кодексіне сәйкес жергілікті жерлерде отбасын қолдау орталықтарын ашу туралы нормалары мен қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілді. Аталған орталықтар облыс әкімінің қолдауымен 2023 жылы Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен барлық аудандарда ашылып өз қызметін көрсетуде. Бұл орталықтар отбасының цифрлық картасы негізінде дағдарыс жағдайындағы отбасыларды қолайлы санаттарға ауыстыру бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Жыл басынан бері 6 мыңға жуық адамға түрлі бағыттағы қолдау көрсетілді, – дейді Айгүл Болатқызы.
Облыс орталығында 2017 жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін “Қамқорлық” орталығы жұмыс істейді.
– Елімізде “Зорлық-зомбылықсыз 16 күн акциясы” өтіп жатыр. Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесі. Осы 16 күн ішінде әйелдерге және балаларға қатысты қысымды болдырмаудың жолын іздеп, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған, мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы халыққа кеңінен хабардар ету мақсатында жергілікті тұрғындарға кеңінен түсіндіріледі. “Қамқорлық” орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолданыстағы стандартқа сәйкес орталықта 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Тоқсан сайын орталықтан қызмет алушыларға және қызмет алып шыққандарға мониторинг жасалады. Жыл басынан барлығы 184 адам қызмет алған. Қазір орталықта 8 ана, 29 бала барлығы 37 адам бар, – деді орталық директоры Жандос Тұсмағамбетов.

БӨЛІСУ