Облыстық полиция департаментінің барлық қалалық, аудандық бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген қаржының өз мақсатына және тиімді пайдалануы, облыс орталығы мен аудандардағы, елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес, жолда жүру қауіпсіздігі мен басқа да құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың жайын анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған болатын.
Осыған орай, үстіміздегі жылдың қыркүйек айында депутат Ә.Шаймағамбетов, М.Нәлібаев, А.Абибуллаева бастаған жұмыс тобы бірқатар ғимараттарды аралап, полиция жұмысына мониторинг жұмыстарын жүргізді. Мониторинг барысында тәртіп сақшыларының қызмет атқаруға және тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді орындауға дайындығын көріп, полицияның қоғамдағы рөлін ескере келе, тәртіп сақшыларына әлеуметтік қолдау қажет екенін атап өтті.
Құқық қорғау саласының керекті заманауи үлгідегі материалдық-техникалық базасын жақсарту өңіріміздің ғана емес, еліміздің де қауіпсіздігі болып табылады. Соған сәйкес, Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген комиссия отырысында депутат Ә.Шаймағамбетов мониторинг барысында анықталған мәселелер мен Қызылорда облысы полиция департаментінің 2023-2024 жылғы материалдық-техникалық жарақтандырылуы және т.б бойынша баяндама жасап, бірқатар мәселелерді назарға алып, тиісті жұмыстардың жүргізілуіне қатысты өз ұсынысын жеткізді.

БӨЛІСУ