Өзбекстан Республикасында қазақ ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілдері Қоңырқожа Қожықов пен Сералы Лапинге арналған тағылымды шаралар өтті.
2024 жылғы 15-16 қараша күндері Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік мұражайының ұйымдастыруымен Орталық Азиядағы жәдиттік қозғалыстың көрнекті өкілі, педагог-ағартушы, саяси қайраткер Қоңырқожа Қожықовтың қоғамдық-саяси және ғылыми-педагогикалық шығармашылығына арналған «Орталық Азиядағы жәдитшілік феномені: тұлғалар мен тағдырлар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және Самарқанд қаласында саяси қайраткер, заңгер, шығыстанушы Сералы Лапиннің өмірі мен қызметіне арналған ғылыми-танымдық дөңгелек үстел мен зиярат ету рәсімі өткізілді.
Ұлтымыздың қатпарлы тарихында Алаштың астанасына Қызылорда атауын алғаш ойлап тапқан ағартушы-ғалым, жерлесіміз Қоңырқожа Қожықовтың және қазақтан шыққан алғашқы шығыстанушы, Сыр өңірінің біртуар перзенті Сералы Лапиннің еңбектері ұшан теңіз.
Ұлт қайраткерлерінің мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі тағылымды шараға еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, республикаға белгілі университеттердің тарих, филология, шығыстану, мәдениеттану салаларының профессор-ғалымдары, саяси қайраткерлердің туған-туыстары және Сыр елінен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Р. Каюпов бастаған арнайы делегация қатысты.
«Тарихи тұлғаларымыз Қоңырқожа Қожықов және Сералы Лапин қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын қазақ мемлекеттілігін жаңғыртуға арнаған, қазақ халқының арасында әділдік пен заңдылықты күшейтудің жолында тер төккен қайраткерлер.
Ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін ашуда аталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның алатын орны ерекше деп сенемін.
Алаштың анасы атанған киелі өңір – Сыр елі халқының және Қызылорда облысының әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының атынан тағылымды ұлықтау шараларын ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін» – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Мұхамедәліұлы.
Тағылымды шаралар барысында ұлт перзенттерінің тұлғалық бейнесі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы тың деректер негізінде мазмұнды баяндамалар жасалып, еңбегі мен шығармашылық мұралары ұлықталды.