Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы аясында биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлады.

Ел Президентінің тапсырмасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллект саласында мамандар даярлау үшін 3 университетті: Сәтбаев университетін, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін таңдады.

Корея Республикасы үкіметінің қаржыландыруы негізінде Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп «IT-кафедраларын қайта құрылымдау және жасанды интеллекттің жаңа мектебін құру» жобасы әзірленді. Жоба 7 жылға (2023-2029) есептелген және оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізу, Жасанды интеллект және бизнес-инкубация мектебін құру, озық университет құру тәжірибесін беруді көздейді.

2024-2025 оқу жылында 4 білім беру бағдарламасы бойынша оқыту басталды. Бүгінде 120-ға жуық студент білім алуда.

2024 жылдың 12 маусымында SeoulTech компаниясымен қос дипломды «AI архитекторы», «Деректерді басқару» ББ бағдарламалары бойынша кадрларды даярлау туралы келісімге қол қойылды. Бұл бағдарламалар 2025 жылы іске қосылмақ.

БӨЛІСУ