«Ауыл аманаты»: биыл Қызылорда облысында 575 жоба жүзеге асырылды.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде жасаған баяндамасында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты.
Ауылдардың мамандануын ескере келе, несие қаржысы 4 бағытқа (ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіншілік, мал шаруашылығы және түрлі жобаларға) бағытталып, 2023 жылы 3 млрд. теңгеге 406 жоба іске қосылып, 713 жұмыс орны ашылды.
«Биыл 4 млрд. 596 млн. теңгеге 575 жобаны жүзеге асырып 610 жаңа жұмыс орнын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 1 млрд. теңгеге 150 жоба қаржыландырылды», – деді Н.Нәлібаев.
Сырдария ауданының «Бесарық» ауылындағы «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда тұрғындардың 13 бизнес-бастамасы іске асырылуда. Мұнда жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар ашылды. Озық тәжірибені кеңінен тарату үшін облыстың әр ауданындағы 3-4 ауылда осындай бизнес-инкубаторлар ашу жұмыстары жүргізілуде.
«Kaz Fries» зауытының қуаты сағатына 150 келіге дейін қуырылған картоп таяқшаларын өндіруге жетеді, дайын өнім мұздатылып, ішкі нарықта сатылады. Өсімдік, құс, мал шаруашылықтарымен, құрылыс тауарларын шығарумен айналысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуатын одан әрі кеңейту жоспары бар. Дәл осындай жобаны облыстың барлық аудандарында жүргізу көзделуде.