Басты бағыты қала аумағын жасыл желекпен көмкеру болып саналатын «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылғаны белгілі. Қызылордада тазалық шараларымен қатар, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына айрықша назар аударылған.
Біздің өңірде жаз бойы аптап ыстық сақталатыны мәлім. Күн жылына егілген көшеттер дұрыс күтім жасалмағандықтан қурап жатады. Енді мұндай олқылықтың орны толатын кез келген сыңайлы.
Мақсат Жүсіп жетекшілік жасайтын «Жасыл Қызылорда» мекемесі биылдан бастап каналдар мен арық жүйелерін тазалап, ұңғыма мен насостар арқылы талдарға су жеткізуді қолға алды. Аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларды, көгалды күтіп-ұстап, қураған ағаштарды кесу, баптау жұмысын жандандырмақ.
– Күз келісімен арық біткенді қураған шөп пен жапырақ толтырады. Бұл көктем мезгілінде аяқсудың керекті жерге жетуіне айтарлықтай кедергісін келтіреді. Соның алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, қадағаланып отырады. Енді бұл мәселе біржола оң шешімін таппақ. Қазір жаңа техникалар алына бастады. Мекеме жұмысшылары қаладағы ағаш егілген аумақтарды, парктер мен аллеяларды күнделікті бақылап отырмақ, – дейді мекеме директоры.
Қызылордада шіліңгір шілдеде тал көлеңкесінде болмаса көше бойында жүру мүмкін емес. «Жасыл Қызылорда» жасыл желекті баптап, құрт-құмырсқадан қорғаудың түрлі тәсілін қолға алуда.
– Бүгінде мекеме қызметкерлері қала аумағындағы арық жүйелеріне күзгі тазалау жұмыстарын жүргізіп, аяқсу арналарын қалпына келтіруде. Жалпы қала аумағына Сырдария өзені мен каналдар арқылы 19 су насосы орнатылған. «Жасыл Қызылорда» мекемесі көше бойларын, саябақтар мен скверлерді гүлмен көмкерді. Шаһар аумағын көгалдандырып, көріктендіру үшін 640500 дана роза, кан, катарантус, циннии, петуния, тагетис, бархат, цинерария, пеларгония гүлдері әкелінді. Олар Тұңғыш Президент саябағы, «Сыр ана» монументі, облыстық әкімшілік ғимараты алды, Жалаңтөс баһадүр ескерткіші, Назарбаев даңғылы бойы, қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіші аумағы, қалалық әкімшілік ғимараты, «Қаламгерлер аллеясы», Б.Шөкенов саябағы, «Тағзым алаңы» мен Жаңқожа батыр ескерткіші аумағына отырғызылды. Гүлдер қала көшелеріне сән беріп, адамға ерекше көңіл-күй сыйлайды, – дейді Мақсат Жүсіп.
Табиғатпен тіл табысып, шаһар аумағын гүлдендіріп, жайқалту – біздің міндет. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді халық даналығында. Бабалар өсиетін бағдар еткен бүгінгі буын тал егуде тосылмайды. Қызылорда жаз бойы жасыл желекке малынып, жайқалып тұрса көз сүйсініп, көңіл қуанады. Әр тұрғынның есік алдына тал егуді дағдыға айналдырғаны дұрыс. Туған жерді түрлендіріп, қоғамдық орынды таза ұстау – баршамызға ортақ парыз.
«Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі» деген Ыбырай Жақаевтың сөзі ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі боларлық.
– Жаз мезгілінде саябақтарды тазалау, гүл егу, баптау жұмыстарымен айналысамыз. Көше бойындағы талдарды балақтап, қураған, сынғандарын анықтап, кесеміз. Ал қыстың күндері өзіміздің жылыжайда гүл өсірумен айналысамыз. Көктем басталысымен қала көшелеріне көшеттеп, отырғызамыз. Қыс айында қосымша қар тазалау жұмысымен айналысып, қала тазалығына атсалысамыз. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жалғасын таба бермек, – дейді бағбан Гаухар Ержанова.
Қаланы көркейту-көгалдандыруға былтыр жергілікті бюджеттен 484,7 млн теңге бөлініп, орталық аймаққа гүлдер мен газондар отырғызылды. Арық жүйелері тазартылып, жасыл екпелер егіліп, суарылды.
Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында «Жібек жолы» және «Қызылжарма» арналарын күтіп-ұстау, пайдалану, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына да қаржы бөлініп, бірталай жұмыс атқарылды. Жыл сайын көктем және күз мезгілінде қала аумағында көркейту және көгалдандыру айлығы қарқынды ұйымдастырылады. Аталған шараға қала тұрғындары мен мекеме қызметкерлері қатыстырылды. Қала аумағындағы талдарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенін айта кету керек.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»