Бүгін партияның облыстық филиалы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі аймақтық кеңесі мүшелерімен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен аймақ басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының тікелей бастамасымен жүзеге асып отырған қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту бағытындағы жұмыстармен таныстық.
Жалпы Қызылорда – орталық ыстық су жүйесімен қамтылмаған жалғыз облыс орталығы. Көпқабатты үйлерге ыстық су беру 30 жылдан астам уақыт бұрын тоқтап, сонан бері инфрақұрылым жаңғыртыламады. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сай үкіметтен қаржы бөлініп, аймақ басшысының тікелей қадағалауымен үлкен жұмыстар жасалып жатыр.
Негізі облыс орталығында 2 жыл ішінде 624 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған ыстық суға қосылады деп жоспарланып отыр. Биылғы жылдың соңына дейін 187 көп қабатты тұрғын үй ыстық суға қосылатын болады.
Жалпы бұл жұмыстарды жүргізуге ашық конкурс негізінде үш мердігер мекеме анықталған. Олар: «Көкшетаугидрогеология» АҚ, «БСГ Инжиниринг» ЖШС және «Мелиоратор» ЖШС.
Бүгін мониторинг барысында Астана мөлтек ауданындағы үйлерге құрылыс жұмыстарын жүргізген «Мелиоратор» ЖШС-нің жұмысын көрдік. Ыстық су берілген пәтерлерге кіріп, оның қысымын қарадық. Тұрғындармен пікірлестік. Ыстық суға қол жеткізген тұрғындар дән риза. Дегенмен, мердігерлер кейбір аудандарда бірқатар пәтер иелері орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылуға құлықсыз дейді. Алдағы уақытта бұл азаматтармен кездесіп, мәселенің мән жайын анықтауға уәделестік.
Мамандардың айтуынша орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылу тұтынушыларға электрлі су ысытқышқа қарағанда едәуір тиімді екен. Мәселен, су ысытқыш қондырғысының 50 литр суды ысытуға орта есеппен 2 кВт күніне, яғни 1 айда және орта есеппен 2 м3 су пайдаланғанда орташа есеп бойынша 1 айға электрлі ысытқышпен шамамен – 1 565,6 теңге төлейді. Ал жылу энергиясы арқылы су ысыту жүйесіне келер болсақ, бекітілген тариф бойынша 1 м3 – 172,03 теңге.
Яғни орта есеппен тұтынушы 2 м3 ыстық суды пайдаланғанда (1 м3 тарифі су, кәріз – 43,1 теңге, 49,69 теңге) қоса алғанда орташа есеппен шамамен – 529,66 теңге құрайды. Онан қалды қондырғы ауа-райына байланысты үйдегі жылу деңгейін автоматты түрде анықтап, соған сай мөлшерде ыстық-суықты реттеп отырады екен. Сондықтан ұзақ жылдар арман болған мұндай мүмкіндікті жіберу алмауға шақырамын. Елге жасалған жұмыстың игілігін көретін уақыт келді.