Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлы республикалық «Ақберен» өнер байқауында бірінші орын иеленді..
Қазақ халық музыкасын насихаттаушы жас ұлттық аспапта орындаушылық шеберлігімен жеңімпаз атанды. Ол Сыр өңіріндегі жыршылық мектебінің жампозы Жиенбай жыраудың «Бастау» шығармасын домбырамен орындап, әділқазылардың жоғары бағасын алды.
«Байқау өте тартысты өтті. Барлық қатысушылар лайықты өнер көрсете білді. Өткен жылы мен екінші орын алған едім, сол кезде бір жылда дайындалып, келесі сайыста бірінші орын алуды мақсат етіп қойдым. Бүгін бұл арманым орындалды. «Ақберен» балалардың шығармашылығын дамытып қана қоймай, ортақ қызығушылық аясында жастарды топтастырып, жаңа орта қалыптастырады», — деп ой бөлісті Сырсұңқар.
Сонымен қатар, «Көркемсөз оқу» номинациясында ерекше жетістіктері үшін мектептің тағы бір оқушысы Айя Сердалы арнайы Дипломмен марапатталды.
«Ақберен» — бұл жыл сайын елдің талантты жастарын біріктіріп, үздігін анықтайтын беделді додаларының бірі. Қатысушылар шешендік өнер, көркемсөз оқу, эссе жазу, ұлттық аспапта өнер көрсету, айтыс және ақындар мүшайрасында сайысқа түседі.
Өткен жылы да Қызылорда қаласының NIS командасы жеңіс тұғырынан көрініп, екі жүлделі орындарды иеленген-ді.