Бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайының “Open Spase” ғылыми кітапханасында TEDx форматында жастармен кездесу өтті.
Кездесуде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің комплаенс офицері Әлібек Жаппасбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыру бойынша және түрлі салада қалай табысқа жетуге болатындығы жөнінде түсіндірме жасап, өз тәжірибесімен бөлісті.
Жастар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында өткен кездесу «Cыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндірме жұмыстарын, адам саудасы мен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін жастарымыз сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына да байланысты төмен немесе жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін күшейтеді. Қазір әлем елдерінің алдында тұрған өзекті мәселенің бірі – жастардың арасындағы сыбайлас жемқорлық. Орасан зор салдары бар бұл әлеуметтік дерттен біздің қазақстандық жастар қоғамы да белгілі бір деңгейде зардап шегіп отыр. Сондықтан сыбайлас жемқорлық мәселесі мемлекет пен қоғамның бүкіл саласына қатысты өткір сипат алып, бұрынғыдан бетер өзектілене түсуімен назар аудартады. Себебі, жемқорлық дерті мемлекеттік қызметке баратын жастардың және пара алатын лауазымды тұлғалардың беделін түсіріп қана қоймай, билік жүйесінің, сонымен қоса бүкіл әлеуметтік жүйенің құлдырауына әкеп соғуымен қауіпті. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғалы бері қаншама заңнамалар қабылданып, сан алуан іс-шаралар үздіксіз жүргізіліп келсе де, бұл келеңсіз құбылыстың жолы кесілмей қойды.
Бүгінгі заманда жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың таралуына жастардың жұмыссыздығы, баспана мәселесі, елдегі әлеуметтік ахуалдың әлі де төмендігі, осы саладағы тиісті заңнаманың өз деңгейінде орындалмауы, жастардың құқықтық санасы мен білімінің төмен болуы, жастардың өз-өзіне сенбеушілігі, жастардың санасына сыбайлас жемқорлық ұғымының дендеуі, қоғамда демократиялық дәстүрлердің сақталмауы, және т.с.с. көптеген себептер әсер етеді. Әсіресе, жастардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне көз жұмып қарауы мен пара берушілікке бой алдыруы үрдіске айналғаны рас.
Жалпы, «мәдениет» ұғымының мағынасы өте кең және бұл құбылыс ең маңызды әлеуметтік үдерістермен тығыз байланысты болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің болуы әр адамның құқықтық сауаттылығына да байланысты, бұл біреуде төмен, біреуде жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адамның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін нығайтады, сөйтіп ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез-келген құқық бұзушылыққа тойтарыс бере алатын дәрежеге жетеді. Бұл әрине, әрбір адамның азаматтық ұстанымына, өмірлік қағидаларына, тұлға ретіндегі қасиеттеріне байланысты қалыптасады. Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бастысы, ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Әсіресе, жастардың осы тұрғыда сауатты болуы қажет.