Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Орта Азия және Қазақстанның су қауіпсіздігі мен суармалы егіншілігі: проблемалары және шешу жолдары» атты халықаралық симпозиум өтті. Іс-шара «Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында мал азықтық дақылдары мен ағаш екпелерін суару үшін сарқынды суларды қауіпсіз утилизациялау технологиясын әзірлеу» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жиынға ғылым және жоғары білім саласының мамандары, сарапшылар мен зерттеушілер қатысты.
Симпозиум модераторы, университеттің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева бұл жобаның аймақ экологиясын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті. Қорқыта ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Серікбай Өмірзақов өңірдегі су тапшылығын шешуге бағытталған технологияның алғашқы нәтижелерімен бөлісті.
Жиында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Орман ресурстары, аң аулау және балық шаруашылығы кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бұлқайыр Мамбетов гибридті тополдарды сарқынды сулармен суару арқылы картон-қағаз өнеркәсібіне арналған өсімдіктерді өсіру перспективаларын талқылады. Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының Экология және су ресурстарын басқару кафедрасының доценті Малохат Абдукадирова Ташкенттегі жаңбыр суларын тұрмыстық қалдықтардан тазарту мәселелерін қарастырды.
Аралды құтқару қорының өкілдері Марат Нарбаев пен Сәуле Шалмаганбетова Арал өңіріндегі су ресурстарын сақтау және экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы жұмыстар жайлы пікірлерін айтты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, Экология және биоресурстардың тұрақтылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Жандос Тауанов синтетикалық цеолиттер мен нанокомпозиттердің суды ластаушы заттардан тазарту мүмкіндіктері жайлы баяндады.
Одан кейін «Қызылорда су жүйесі» МКК Ауыз су және кәріз су нысандарын пайдалану бөлімінің бастығы Нұргүл Шагирбаева сөз сөйлеп, аймақтағы су тапшылығын азайту және сарқынды суларды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Бұл симпозиум су қауіпсіздігі, экология және ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылауға арналып, өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды қадам болды.