17-қараша – Халықаралық студенттер күні. Бұл күнді дүниежүзінің студенттері әртүрлі деңгейде атап өтеді. Мерейлі мереке студенттерді біріктіріп, олардың университет қабырғасындағы өмірлерінің мәнді де, қызықты өтуіне ықпал ететіндігін де атап өткен жөн.

Халқымыз «Ел ертеңі – жастар»,- дейді. Жастар – еліміздің болашағы деп жиі айтамыз. Бірақ оның бүгіні екенін біздің жастар дәлелдеп отыр. Соның негізінде бүгінде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Елімізде қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламаларда жастардың рөлі мен белсенділігіне айрықша мән берілген.

Мәселен, 2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы аясында өтті, биліктің өкілді органдарында жастар үшін жеке квота енгізілді. 2020 жыл Еріктілер жылы деп жарияланды, соның арқасында біздің елімізде жүздеген жаңа еріктілер бастамалары мен жобалары пайда болды. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды. Жастардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайды. Жастар саясатының тұжырымдамасын жетілдіріліп, «Жастар үшін» емес, «жастармен бірге» қағидаты негізге алынды. Ең дарынды, ерекше көзге түскен жастар «Тәуелсіздік ұрпақтары» тегін грантын ала алып жатыр. Арнаулы орта және жоғары білім беру жүйесінде тұрғылықты жеріне қарамастан білім алу үшін барлық студенттерге тең жағдайлар жасалынды. Барлық студенттерге шәкіртақы мөлшері 2 есеге ұлғайтылады.

Мемлекет басшысының сенімді саяси қолдаушысы ретінде еліміздегі жетекші «AMANAT» партиясы да өзінің Сайлауалды бағдарламасында жастардың білім алуына, баспанамен қамтылуына қолдау білдіріп отыр. Осы орайда өңірімізде алғаш рет облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының қолдауымен «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасы жүзеге асырылып, 60 жас отбасы баспаналы болды. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орнында білім алуы үшін облыс әкімінің 100 гранты тағайындалады.

Бүгін студенттер күніне орай партияның облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының ұйымдастырумен өткен салтанатты шараға қатысқан партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов жастарды қолдау бағытында осындай қолға алынған жұмыстарды кеңінен атап өтті. Сонымен қатар, партия филиалының төрағасы жастар қанаты құрамында ерікті түрде қызмет етіп, жастарға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып жүрген бірқатар студенттерді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының алғыс хатымен марапаттады.

Айта кетейік, бүгінгі күні «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 26 бөлімшесі жұмыс жасайды.

БӨЛІСУ