Жыл өткен сайын қала көлемiнде эхинококкоз ауруы бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасуда. Бұл ауру адамдар мен үй жануарлары және ауылшаруашылық малдарына тән аса қауiптi паразитарлық аурулардың бiрi болып табылады.
Бiздi алаңдатып отырған жағдай, тiркелген аурушаңдықтың 85,0 пайызы 20-40 жас аралығындағы еңбекке жарамды адамдар және соңғы жылдары студенттер мен оқушылар арасында жиі кездесуі.
Эхинококкоз ауруы – адам өмiрiне өте қауiптi. Ол адам ағзасына ұзынша құрт-эхинококктың ұрығы түсiп, өсiп-өнуiнен пайда болады. Эхинококк-ит, мысық, қасқыр, түлкiнiң ащы iшегiнде болады, онда әбден өсiп жетiледi. Эхинококкоздың ұрығын аулаға, су қоймасына, жайылым мен бақшаға иттер таратады. Iшек-қарында әбден өсiп-жетiлген құрттар нәжiспен бiрге, кейде өздерi сыртқа шығады да, тiмiскiлеп жүрген иттердiң тұмсығына, жерге аунағанда жүнiне жабысады.Иттердi еркелетiп ойнатқан кезде кеселдiң ұрығы қолға жұғады, ол арқылы ауызға түседi, бiреумен амандасқан кезде екiншi адамға ауысады, заттарды ұстаған кезде соларға көшедi. Эхинококк адам iшiне барған соң сырт қабығынан ажырап, iшек қабырғасына қадалады, содан кейiн қан айналымына немесе лимфаға iлесiп басқа мүшелер мен тіндерге (көбiнесе бауыр мен өкпеге) өтiп, қуық формасына-эхинококк қуығына айналады. Сонымен қатар эхинококк орталық жүйке жүйесiн, iшкi мүшелердi, iшкi секреция бездерiн зақымдай бастайды. Эхинококк қуығы өте жай өсетiндiктен сырқат белгiлерi бiртiндеп бiлiнiп, бiрнеше жылға созылады.
Эхинококкоз өте қауiптi сырқат, оны әзiрге тек ота жасау (операция) арқылы емдеп келедi.
Жеке бас тазалығын және әлеуметтiк гигиенаны дұрыс сақтағанда ауруды жұқтырмауға болады. Әсiресе өзiнiң тұрмысы мен жұмысы жануарлар арасында өтетiн немесе үнемi мал сою жұмыстарымен айналысушылар, малшылар айрықша сақтық жасап, өздерiнiң денсаулығына мейлiнше назар аударулары қажет. Ит ұстайтын мекемелер, ұйымдар, шаруашылықтар және жеке адамдар өз иттерiне жылына 3-4 рет құртқа қарсы егудi дер кезiнде жасатып, жылына екi рет ветеринарлық тiркеуден өткiзiп отырулары қажет.
ҚАЛАЛЫҚ СЭБ БАСҚАРМАСЫ