Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында қайтарымсыз гранттар беріліп келеді. Осы бағдарламаның қолдауын сезінген қала тұрғыны, ІІ топ көз мүгедегі Мұрат Ахетов жыл басында қайтарымсыз қаржыға ие болып, «Ірі қара мал шаруашылығы» сүт бағытындағы шағын кәсібін бастады. Қазір өндірген өнімге сұраныс жоғары. Шаруаны ширатуға жұбайы да қолдау көрсетіп отыр.
Жалпы, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға үлкен қолдау.
Бүгінде Қазақстанда 705 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 430 мыңы – еңбекке қабілетті жастар, 181 мыңы – зейнет жасында және 94 мыңы – балалар. Биыл әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтермен қамтамасыз етуге 448 млрд теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық.
Еңбекке қабілетті жастағы мүгедек жандардың жалпы санынан 100 мың адам немесе 23 пайызы жұмысқа тартылған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 30 процентке дейін ұлғайтуды жоспарланған.
«Еңбек» бағдарламасы аясында биыл 13 мың мүгедек жан жұмысқа орналасты, 626 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 830 өтеусіз грант және 350 шағын несие берілді. Қазіргі уақытта мүгедек адамдарға арналған кәсіптер атласы дайындалуда, мүгедек адамдарды сұранысқа ие мамандықтарға, оның ішінде IT дағдырлары бойынша оқыту жүргізілуде. «Даму» қорымен бірлесіп, мүгедек адамдардың қатысуымен іске асырылатын 76 бизнес жобаны қолдау шаралары басталды.
Мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүгедек адамдарды мемлекеттік қызметшілер қатарына тарту бойынша да жұмыстар жүруде. Биылғы 1 қарашада олардың саны 701 адамға жетті, оның ішінде 391 адам Мемлекеттік басқару академиясының онлайн курстарынан өткен.