Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы «Қызылорда облысының басқару органдары мен халықты кешенді құлақтандыру жүйесін құру» жобасын іске асыруда. Жоба бойынша биыл 55 дана сиреналық сөйлеу құрылғысы орнатылған. Сондай-ақ, аталған басқарма облыстық санитарлық эпидемологиялық бақылау департаментімен бірлесіп Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғыштары болатын кенелерден «қолайсыз» деп анықталған 115 елді мекенге көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстарын да жүргізді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Құрманбаев айтты.

– Биыл су тасқынының алдын алу шаралары бойынша 68 582 дана қап сатып алынды. Сырдария өзенінің су шаруашылығы нысандарына жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесімен 26 нысан анықталып, оның ішінен бірінші кезекте атқарылуы тиіс жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын 7 нысан белгіленді. Ал, болуы ықтимал су тасқынының алдын алу мақсатында екінші кезектегі жөндеуді қажет ететін қорғаныс бөгетінің 18 учаскесіне Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, осы жылы Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылдық округі тұсындағы Сырдария өзенінің оң жағасындағы қорғаныс бөгеті қайта қалпына келтірілсе, Жаңақұрылыс ауылдық округіне қарасты, Аманөткел елді мекенінің тұсындағы «Ералы» каналының екі жағалауы қайта қалпына келтіріп, нығайту және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, Жалағаш ауданындағы Шаменов ауылдық округіндегі Сырдария өзені бойындағы «Сәмит арна» және «Шөмен қайыры» учаскелерінің аралығындағы қорғаныс бөгеті реттелді,- деді Марат Ердаулетұлы.

БӨЛІСУ