Бүгін облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жұлдызхан Ерқосаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында журналистерге брифинг өткізіп, 10 айдағы көрсеткіштерге тоқталды.

– Бүгінде аймақ басшысының тікелей бастамасымен қала және аудандарда заманауи үлгіде жабдықталған бірнеше спорт кешендері салынып, спортсүйер қауымның игілігіне табысталды.
Былтыр 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізілсе, оның 9-ы пайдалануға берілді. Ал биыл өтпелі 4 нысанның құрылысы 95 пайызға аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, биыл аудандарда жалпы құны – 4,7 млрд. теңгені құрайтын 10 спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл аймақ басшысының қатысуымен Қызылорда қаласының сол жағалауында құны – 20,9 млрд. теңгені құрайтын 11 мың орындық стадионның іргетасы қаланды. Спорт саласындағы тағы бір жаңалық, жақында ғана жалпы құны – 3,4 млрд. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі «Үстел теннисі» орталығының құрылысы толығымен аяқталып, ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясының «ALAN» бағдарламасы арқылы жақында қаламыздағы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа алаң спортсүйер қауымның игілігіне табысталды. Демеушілік көздерден шілде айында Жалағаш және Шиелі аудандарында 2 шағын спорт кешенінің құрылысы басталды, – деді Жұлдызхан Байназарұлы.

Биыл Сыр спортында жағымды жаңалық көп. Олай дейтін себебіміз, 3 мыңға жуық Сыр спортшы 342 халықаралық және республикалық жарысқа қатысып, ел намысын қорғады. Нәтижесінде, қызылордалық спортшылар Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 43 алтын, 30 күміс, 29 қолаға қол жеткізсе, ҚР чемпионаттары мен кубоктарынан 747 медаль, оның ішінде 252 алтын, 222 күміс, 273 қола медаль жеңіп алды.

Биыл 3 – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 29 – ҚР спорт шебері, 814 – ҚР спорт шеберлігіне кандидат спортшылар әзірленді. Бұдан бөлек, осы жылы жалпы спорт түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама командасына облыстан 690 спортшы енді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі

БӨЛІСУ