Бүгін Сырдария ауданында партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Көшпелі отырысқа партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, Сыбайлас жемққорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес төрағасы Мақсұт Нәлібаев, кеңес төрағасының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдігінің өкілі Дәурен Шәріпбаев, облыстық мәслихат депутаттары Әмірбек Шаймағамбетов пен Жұмабек Ембергенов, «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Базара Танбаева қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша есеп беру үшін кеңестің көшпелі отырысына Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев, аудан прокуроры және тиісті бөлім, мекеме басшылары шақырылды.
Жиында Ләйлә Төрешова сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін айтып, бұл бағытта «AMANAT» партиясы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің негізгі міндеті мен мақсатына, атқарып жатқан жұмыстарының маңызына назар аударды.
Сыбайлас жемққорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес төрағасы М.Нәлібаев көшпелі отырысқа қатысушыларға күн тәртібін таныстырып, алдымен Сырдария ауданының әкімі Б.Сәрменбаев «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасының іске асыру жөніндегі Жол картасы туралы баяндама жасады.
– Жол картасында 2024 жылға Сырдария ауданына қатысты 45 шара белгіленген. Қазір жоспарланған 45 шараның 33-і толық орындалса, 8-і орындалу үстінде. Жыл қорытындысы бойынша Жол карта аясында 4 шараның орындалмау қаупі туындауда. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл 960 млн теңгенің 104 жобасын қаржыландыру жоспарланса, бүгінгі күнге тек 92 млн теңгенің 9 жобасы қаржыландырылды.
Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейі бойынша белгіленген жоспар 5 пайыз болса, бүгінгі күнге 5,1 пайызды құрауда. Бұл көрсеткіш 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспарында 5,1 пайыз мөлшерінде белгіленген. Мұнан бөлек «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру бойынша 200 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, бүгінгі күнге бөлінген қаржыға сәйкес орындалуы 110 адамды құрады. Сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларымен гранттар беру бойынша 152 жобаны қаржыландыру жоспарланса, қаржының тапшылығына байланысты бүгінгі күнге 205,3 млн теңгенің139 жобасы қаржыландырылған.
Аудан әкімдігімен аталған шаралардың орындалуын қамтамасыз ету мүмкін болмауына орай, Жол картасына өзгерістер енгізу туралы салалық басқармаларға бірнеше рет ұсыныс берілді. Жыл қорытындысымен аталған шаралардың орындалмау қаупі туындауына байланысты, Жол картасына өзгерістер енгізуге ықпал жасауларыңызды сұраймын, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі сыбайлас жемқорлықты жою мен алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың да есебін берді.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында №4 Үлгілік базалық бағыт іске қосылды. Үлгілік базалық бағытты аудан аумағында іске асыру мақсатында жобалық карта әзірленді. Жобалық карта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау, заңнаманы сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс офицерлердің қызметін үйлестіру секілді бағыттарды қамтиды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шеңберінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы менеджмент және комплаенс» тақырыбында біліктілік арттыру бойынша 28 мемлекеттік қызметші, «Документолог» платформасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы цифрлық білім беру онлайн курсынан 121 мемлекеттік қызметші оқудан өтіп, сертификатталды. Жыл басынан аудан әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының 3 отырысы өткізіліп, жауапты мекеме басшыларының есебі тыңдалды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау аясында барлығы 24 мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты квазимемлекеттік ұйымдарының қызметтеріне ішкі талдау жүргізіліп, 72 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Бүгінгі күнге анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелінің 55-і жойылып, 17-сі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл соңына дейін жойылатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы нормаларын сақтау жобасы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. Есепті кезеңде мемлекеттік органдармен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтамау фактілері орын алған жоқ, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан кейін аудан прокуроры А.Кемалов баяндама жасап, прокуратура органдары тарапынан қабылданған шаралар мен оның нәтижесі туралы айтты. Өз кезегінде Сыбайлас жемққорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, Қызылорда облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдігінің өкілі Д.Шәріпбаев комплаенс офицерлердің жұмысының тиімділігі, жергілікті атқарушы органдар жұмысындағы ашықтық пен жариялық қағидаты, адам құқықтарының қорғалуы, мемлекеттік қызметшілердің этика нормаларын сақтауы жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Облыстық мәслихат депутаттары Ә.Шаймағамбетов пен Ж.Ембергенов заң үстемдігін қамтамасыз ету, бұған дейін жіберілген кемшіліктерден сабақ алу, қателіктерді жою мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасаудың маңыздығын жеткізді.
Кеңестің көшпелі отырысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды.
Партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Л.Төрешова әр ұсыныс зерделеніп, маңыздылығына қарай республикалық кеңестің қарауына ұсынылатынын жеткізді. Сонымен қатар партия жобаларының түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталғанын айтып, Жол картасындағы әрбір шараның орындалуы бақылауда тұрғанын еске салды.
Кеңестің көшпелі отырысын қорытындылаған М.Нәлібаев күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығын, ұсыныстардың өзектілігін айтып, Жол картасында белгіленген шараларды орындау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу ортақ міндет екенін атап өтті.