Орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес ғылыми-әдістемелік кеңестің IV отырысы өтті. Келелі кеңес барысында бірнеше маңызды тақырып талқыланды.

Орталық директоры М.Қонысбекқызы және кеңес мүшелері қатысқан жиында Орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы А.Орынбаеваның БАҚ бетіне жарияланған «Әбдуәлі Қайдар: тіл біліміндегі тың ізденістер мен мұралар» мақаласы талқыланды. Мақалаға ғылыми тұрғыдан өң беру, ғылыми көзқарастар мен пайымдарды қосу, оқырманға ұсыну әлеуетін жоғарылату туралы ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Әбдуәлі Қайдар — тіл білімінде өзіндік орны бар ғалым, оның ғылыми мұрасы қазақ тілі мен мәдениетінің өміршең дүниелерінің қатарында.

 Жиын шеңберінде талқыланған екінші мәселеде қазақ тілін мұражайлар арқылы оқытудың әдіс-тәсілдері қарастырылды. Бұл талқылау мәдени мұраларды сақтап, келер ұрпаққа жеткізудегі мұражайлардың рөлі мен маңыздылығын қамтыды. Сонымен қатар, мұражайлардағы деректерді дұрыс жеткізу, аудармаларды нақтылау, терминологияны біріздендіру мәселелері де қамтылды.

 Кеңес мүшелердің назарын аударған тағы бір маңызды мәселе — терминологиялық жұмыстарды жетілдіру. Бұл ретте жарнама тіліндегі терминдерді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу қажеттігі айтылды. Аталмыш бастама жарнама тілінің түсінікті әрі дұрыс қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

 Жиын барысында филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов ғылыми мақаланы рәсімдеу, ғалым еңбектерін пайдаланып, оны көпшілікке ұсыну және лингвистикалық мұраларын жерттеу тұрғысынан ұсыныс айтты. Ал ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ж.Аманжолқызы терминология бойынша ғылыми жұмыстың жоспарын құру, іздену, жазу, қорғау, оны ғалымдармен кеңесіп, сабақ барысында қолдану турасында кеңінен
сөз сөйледі. Тіл жанашырлары тіл білімі саласының өзекті мәселелерін қозғай отырып, осы салада еңбек еткен ғалымдардың еңбектерін сақтап, оларды келешек ұрпаққа жеткізу керектігіне назар аударды.

БӨЛІСУ