Аналар кеңесінің 7-8 қараша күні өткен республикалық жиынына «Бишімбаев ісінде» мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова қатысты. Ол: «Қызмет барысында мен жеткіншектер жасайтын заң бұзушылық фактілерімен жиі кездесемін. Олардың ішінде жолдан дұрыс өтпеуден бастап, ауыр қылмыстарға дейін бар. Жастар соларды баршаға ортақ тәртіпті, заңды білмегендіктен жасап, қапасқа қамалатыны жанымды ауыртады» деді.
Жиында А. Аймағанова аналарға мынадай үндеу тастады:
«Отбасы – балалардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыратын орта. Біз, ата-аналар, баланың осы жолдағы алғашқы ұстаздары болуымыз керек. Кішкентай кезінен заң үстемдігі туралы мағлұмат беріп, шалыс қадамдары үшін жауаптылық бар екенін түсіндіру – парызымыз.
Ал ең бастысы – ұл-қыздарымызды заңды, тәртіпті сақтауға, әділ болуға өз өнегемізбен тәрбиелеуіміз керек. Бала көргенін істейді. Заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстанып, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылықты биік қоюға әр азамат, әр отбасы өз үлесін қосуға міндетті.
Сондықтан Аналар кеңесі аясында «Өзіңнен баста!» қоғамдық акциясын бастауға шақырамын».
Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі прокурор Айжан Аймағанованың үндеуін қолдайды.
Құрметті ата-аналар, біз сіздерге «ӨЗІҢНЕН БАСТА!» дейміз.
АДАЛДЫҚТЫ іздесең – ӨЗІҢНЕН БАСТА:
– ата-анаңа адал қызмет жаса (қарттар үйі болмайды);
– отбасыңа адал бол (ажырасу азаяды);
– ұл-қызыңа әке-шеше болудың үлгісін көрсет (балалар үйі болмайды; алимент дауы болмайды);
– достыққа адал бол (сатқындық болмайды).
ӘДІЛДІКТІ іздесең – ӨЗІҢНЕН БАСТА:
– тамыр-таныс арқылы мәселе шешпе;
– пара берме/алма;
– бағаны білімнен биік қойма;
– заңға сәйкес өмір сүр.
Зорлық-зомбылықсыз қоғамда өмір сүргің келсе – ӨЗІҢНЕН БАСТА:
– отбасыңның бақытты болуын қамтамасыз ет;
– ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты сақта;
– балаңды бағалай біл, кемсітпе, жаман әдет көрсетпе;
– мәселені сөзбен шешіп үйрен.
Құрметті замандас, Аналар кеңесінің үндеуін қолдап, АДАЛДЫҚТЫҢ, ӘДІЛДІКТІҢ, БАҚЫТТЫҢ жаршысы болайық!
Осы ҮНДЕУДІҢ әр отбасына жетуіне үлес қосайық!
АДАЛ азаматты тәрбиелеу – өз қолымызда!