Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ветеринария саласындағы атқарылатын міндетті іс-шаралардың бір бөлігі.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру яғни сырғалау ветеринария саласындағы атқарылатын міндетті іс-шаралардың бір бөлігі болып табылады.
«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын диагностикалық зерттеулер нәтижелерін, профилактикалық іс-шараларды, жануарлардың жеке нөмірі туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректерді, сондай-ақ жануардың иесі туралы деректерге бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін міндетті бірдейлендіруге жатады. Бірдейлендіруді жүргізу тәртібі мен мерзімдері «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» Қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен реттеледі.
Жануарларды есепке алу рәсімі жануарларға жеке нөмір беруді қамтиды, ол жануар иесі өтініші негізінде жүзеге асырылады. Бірдейлендіру нөмірін бергеннен кейін компьютерлік деректер базасына (АШЖБ- ауыл шаруалығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасы) ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді енгізеді және ветеринариялық паспорт бере отырып, жануарға сырға салынады немесе таңба басылады. Бірдейлендіру қорытындылары бойынша деректер бүкіл Қазақстан аумағындағы бірыңғай мемлекеттік компьютерлік дерекқорға (АШЖБ) енгізіледі. Ол мал басының есебін жүргізуді ұсынып қана қоймай, сонымен қатар әр жануар бойынша ветеринариялық манипуляциялардың тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Деректер базасында ветеринариялық- профилактикалық іс шаралардың мәліметтері көрсетіледі, олардың негізінде ветеринариялық ілеспе құжаттар рәсімделеді.
Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендіруге жатады. Егер иелігіңізде бірдейлендірілмеген жануарларлар болса мынадай ветеринариялық қызметтер көрсетілмейді:
– Ұрланған (табылған) жануардың кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін емес (бірдейлендірілген жануарды табу және оны иесіне қайтару оңайырақ);
– Бірдейлендіру нөмірінсіз мал дәрігері тарапынан ветеринарлық анықтама рәсімделмейді.
Ауыл шаруашылығы жануарларының төлдері келесі жасқа жеткен күннен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіру қажет:
– Бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар- туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
– Құлындар- төрт айлық жасынан бастап (таңбалау кезінде), туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін (чиптеу кезінде);
– Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарында күтіп- бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге, кейіннен сою үшін тоғыз айлық жасқа жеткенге дейін бордақылауға арналған торайлар- туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
– Тоғыз айлық жасқа дейін сойылмаған, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, шаруа және фермерлік қожалықтарда күтіп- бағылатын және өнеркәсіптік өсіруге және бордақылауға арналған торайлар- тоғыз айлық жасқа толған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін.
Әрбір ауыл шаруашылығы жануарларын ұстап отырған мал иелеріне ветеринар мамандар тарапынан ұсыныстар:
– Дер кезінде, ең бастысы өз жануарларыңызды бірдейлендіру керек.
– Сатып алу, сату, сою, төлдеу, жануарлардың сырғаларын жоғалту кезінде үш күн ішінде ветеринар маманға хабарласуыңыз керек. Бұл компьютерлік деректер базасында (АШЖБ) толық және сенімді есеп жүргізуге мүмкіндік береді.