Облыста өңдеу өнеркәсібі саласында 350-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны 13 мыңға жуық адамды құрайды.

Өңірдің мұнай өндіруге тәуелділігіне қарамастан, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту есебінен экономиканы әртараптандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі жылдан-жылға артып келеді. 2013 жылы өнім көлемі 67,3 млрд теңгені құраса, 2023 жылы 328,7 млн теңгені құраған немесе 4,8 есеге артқан. Соның нәтижесінде аймақта түссіз шыны, энергия үнемдейтін түсті шыны, тампонажды цемент, құрылыс желімі, аммоний метаванадаты, шыны пластик құбырлар, жүгері шырыны, фри, шоколад, каскалар, қарулы күштерге арналған арнайы киім және басқа да жаңа өнім түрлері игерілген.

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 9 айында өңірлік экономиканың басым салаларында өсім динамикасы орын алды. Атап айтқанда: ауыл шаруашылығы – 3,8%-ға, өнеркәсіп өндірісі – 2%-ға, құрылыс – 43,6%-ға, жалпы сауда – 6%-ға, көлік – 3,5%-ға, байланыс – 9,7%-ға артты.

Бұл 6 басым сала жалпы өңірлік өнімнің 60%-дан аса бөлігін құрайтынын ескерсек, 2024 жылдың 9 айында өңірлік экономика деңгейі 7,2%-дық өсім қамтамасыз еткенін көрсетті (қысқа мерзімді экономикалық индикатор – 7,2%).

Биыл өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайтуға әсер ететін құны 10,7 млрд теңгені құрайтын 13 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Оның 9 жобасы іске қосылды (құны – 9,1 млрд теңге).

Атап айтсақ:

  • «Жанкент Агро» ЖШС күріш ақтау зауыты, құны – 501 млн теңге;
  • «АНК Дәулет» ЖШС шағын газоблок өңдіру цехы, құны – 150 млн теңге;
  • «Орда гласс ЛТД» ЖШС энергия үнемдейтін шыны өндірісі, құны – 6,7 млрд теңге;
  • «СПК «Айдын 777» ЖШС шағын шлакоблок өндірісі, құны – 50 млн теңге;
  • «Строительно-транспортная компания» ЖШС металл өңдеу цехы, құны – 300 млн теңге;
  • «Шалқия минералс» ЖШС минералды ұнтақ өндірісі, құны – 500 млн теңге;
  • «Тұрлыбаев Досжан» ЖК күріш ақтау цехы, құны – 350 млн теңге;
  • «Жаннұр» ЖК құрт өндірісін кеңейту, құны – 80 млн теңге;
  • «Ержанов» ЖК күріш ақтау зауыты, құны – 500 млн теңге.

Жыл аяғына дейін құрылыс индустриясында асфальтбетон өндірісі, тамақ өнеркәсібінде – 2 күріш зауыты («Ақмая» ФҚ, МАА Invest Group) және ылғалды майлықтарды өндіру жобаларының іске қосылуы көзделген.

БӨЛІСУ