Елімізде әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың қасынан табылып, әркез көмек қолын созатын мамандық иелері – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері. Жыл сайын елімізде қазан айының соңғы жексенбісінде сала мамандарының кәсіби мерекесі аталып өтіледі.
Бүгін Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Болат Жолтаев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.
– Әлеуметтік қорғау жүйесі – үлкен жауапкершілік, кәсіби біліктілікпен қатар адами қасиеттерді талап ететін салмағы ауыр сала. Сіздер күн сайын зейнеткерлерге, қамкөңіл жандарға, көп балалы отбасыларға, табысы аз азаматтарға көмек қолын созып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өмірлік қиын жағдайларға душар болған азаматтар қажетті қолдау алып, еңсесін тіктеуде, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мерекелік шарада бірқатар сала қызметкерлері облыс әкімінің, аудан әкімінің және облыстық жұмыспен қамту үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
Әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерейін үстем еткен көңілді кеште аудан өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.