Халықтың денсаулығын нығайту – денсаулық сақтау саласының маңызды міндеттерінің бірі. Аталған салада бірқатар кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң үрдісі байқалады. Осы және өзге де атқарылған жұмыстарды Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков баяндады.

Аймақта денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы қалыптасқан.

«Қызылорда облысы бойынша жалпы өлім-жітім көрсеткіші 2,7%, туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 9,3%, туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 22,2%, қатерлі ісіктерден аурушаңдық көрсеткіші 3,8%, қатерлі ісіктерден өлім-жітім көрсеткіші 11,7%, жүрек-қанайналым жүйесінен аурушаңдық көрсеткіші 0,4%, жүрек-қанайналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 13,1% төмендесе, ана өлімі тіркелген жоқ», – деді Олжас Ермекұлы.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында халыққа медициналық көмекті қолжетімді ету, ана мен бала денсаулығын сақтай отырып, өлім-жітім көрсеткішін төмендету мемлекетіміздің басты басымдығы екенін атап өткен болатын. Халықтың медициналық мекемелер ұсынатын қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы 7,9 пайызға жоғарылады.

«Биыл 1 қазанға дейін облыстағы бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 821 376 тұрғын тіркелген. Аймақ халқына 25 стационарлық 25 амбулаториялық-емханалық, 102 дәрігерлік амбулатория, 27 фельдшерлік акушерлік бекет, 93 медициналық бекет қызмет көрсетеді. Халықтың медициналық мекемелер ұсынатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 7,9% жоғарылап, 58,3-ті құрады, көрсеткіш Республика деңгейінен жоғары», – деді Басқарма басшысы.

Аймақта алғаш рет Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында «Үздік тәжірибелік орталық» ашылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаковтың айтуынша аталған орталық алдағы уақытта бірнеше емханадан ашылады.

«Шиеліде ашылған «Үздік тәжірибелік орталық» қолжетімділікті және нәтижелі жұмыс істейді. Сондай-ақ, адам денсаулығына қамқорлық жасауға бағытталған кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмекті қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта мұндай орталықтар №3, 6 қалалық емханаларда және Жалағаш аудандық ауруханасында ашылу жоспарлануда», – деді басқарма басшысы Олжас Искаков.

Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

БӨЛІСУ