Бүгін «Анаға тағзым» орталығында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен мәдениет саласы өкілдерінің кездесуі өтті. Келелі жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауынан туындаған тапсырмалар мен міндеттердің өңірде жүзеге асуы және орындалу барысы кеңінен талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов «Руханият» жылы аясында аймақтың мәдениет саласында атқарылған жұмыстар мен игі бастамаларды тілге тиек етті. Мәселен, Сыр өңірінде алғаш рет құрылған симфониялық оркестр, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған инклюзивті театр жұмысы, барлық аудандарда жыл соңына дейін пайдалануға берілетін «Руханият» орталықтары турасында мәлімет берді.

Облыс бойынша мәдениет саласының соңғы 3 жылдық бюджеті 70 млрд теңгені құрап, 2 есе артқан. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова баяндады. Сыр өнерпаздарының игілігіне бағытталған ілкімді істер мен тың жобаларға кеңінен тоқталған басқарма басшысы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының тұжырымдамасы, сала қызметкерлерін қолдау, біліктіліктерін арттыру шараларын да атап өтті.

Сондай-ақ, жиында «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанова мен Б.Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығының директоры Зульфия Шалабаева сөз сөйлеп, мәдени нысандардың тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан жұмыстарымен хабардар етті.

 Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірдегі жаңашылдықтар мен іргелі бастамаларға оң бағасын берген Мәлік Отарбаев Әділетті Қазақстанды құрудың басты тетіктеріне тоқталып өтті. ҚР Президентінің кеңесшісі өскелең ұрпақты патриотизмге баулу, кез келген мәселеде елдік, ұлттық, мемлекеттік мүддені жеке мүддеден жоғары қою, қоғамдық және ішкі мәдениетті дамытып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру нәтижесінде Әділетті Қазақстан орнайтынын қадап айтты.

Жиын соңында саланың бірқатар қызметкеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы марапаттары табысталды.

БӨЛІСУ