1 қазан күні Қызылорда қаласының сол жағалауынан «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен салынған жаңа оқушылар сарайы аймақ басшысы және зиялы қауымның қатысуымен ресми түрде пайдалануға берілді. Негізінен іске қосу желтоқсан айына жоспарланған бұл нысанның құрылысы мерзімінен бұрын аяқталған.

350 балаға арналған көпфункционалды заманауи кешен 3 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда шығармашылық қызметтің барлық түрлерімен және спортпен айналысуға, сондай-ақ, әр­түрлі үйірмелерге қатысуға барлық жағдайлар жасалған.

Мәселен, техноорталық, бағдарламалау, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжайлар мен қысқы бақ, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар және хореография кабинеттері жұмыс істейді.

Жалпы айтқанда, оқушылар сарайы білім сапасын жақсарту, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында өңір жасөспірімдерінің интеллектуалдық және рухани тұрғыдан жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндіктер туғызбақ.

Қазіргі таңда қосымша білім беру орталығында 35 маман тұрақты жұмыспен қамтылып, 20-ға жуық үйірмеге 132 бала қатысуда. Одан бөлек, 70-тен астам ата-ана балаларын беруге өтініш білдіріп отыр.

Жалпы, қараша айының аяғына дейін мекемеде 350 балаға толығады деп жоспарлануда.

Оқушылар сарайына білім алушылардың қатынауына ыңғайлы жағдай жасау үшін №24 қалалық қоғамдық көліктің бағыты арнайы ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, қала орталығынан сол жағалауға қатынайтын қоғамдық көліктер үздіксіз жүруде.

Айта кету қажет, бүгінде Қызылорда қаласының сол жағалауы қарқынды өсіп, халқының саны 15 мыңға жуықтады.

БӨЛІСУ