Президентіміз сапарлатып Францияға барып келгені мәлім. Сапары барысында екі ел үшін де маңызды кездесулер өткізіп, маңызды сұрақтар талқыланған (өзі сыйлаған тазыларды да бір көріп қайтуды ұмытпапты).
Негізгісі инвесторлардың дөңгелек үстеліне қатысып, бірлескен декларация қабылдағаннан кейін Тоқаев пен Франция Президенті Макрон БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасаған.
Тоқаев өз сөзінде Франция мен Қазақстан арасында сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыс нығая түскенін айтты. Нақты шарттық-құқықтық база қалыптасып, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейгенін де назардан тыс қалдырмады.
Ары қарай сөзін жалғай келе аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелерге қатысты пікір білдіруді де ұмытпады. Атап айтқанда Президенттер климаттың өзгеруіне қарсы күреске қолдау білдіретіндерін жеткізді. 2024 жылғы 3 желтоқсанда Эр-Риядта өтетін су ресурстарын тұрақты және кешенді басқару мәселелерін тиімді шешуге бағытталған «One Water Summit» іс-шарасына белсене қатысатындарын да айтты.
Естеріңізде болса, сонау 2022 жылғы 30 қарашада Қазақстан мен Франция арасында жаһандық жылынуға қарсы күресте ынтымақтастықты жүзеге асыру туралы арнайы келісімге қол қойылған болатын.
Қазірдің өзінде екі ел арасындағы келісім бойынша Жамбыл облысы Мирный ауылының маңында жалпы қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысы жүруде.
Бұл не қылған жел электр станциясы десеңіздер, 2023 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ мен француздық Total Eren компаниясы ҚР жел электр станциясын салу бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойған болатын. Құжат Макронның Қазақстанға ресми сапары аясында жасалған. Жел электр станцияларының жалпы қуаты 1 ГВт-қа жетеді. Жоба қатысушылары – Total (60%), «Самұрық-Қазына» АҚ (20%) мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (20%).
Жалпы, екі ел арасындағы ресми сапарлардың саны артып, ынтымақтастықтың беки түскені қуантарлық үрдіс. Францияның біздің негізгі серіктестеріміздің бірі екенін және Қазақстанға ірі көлемде инвестиция салып отырған елдердің бірі екенін ескерсек, мұндай сапарлардың тек оң нәтиже беретінін байқаймыз.
Бұл жолы да француздықтар біздің Президентімізді бар салтанатымен қарсы алып, шығарып салды. Бұл да болса Қазақстанға көрсетілген құрметтің белгісі дер едім. Екі ел арасындағы достастық пен ынтымақтастық арта берсін!
2024-11-06