Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен кездесу өтті.
Жиынға Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Каримова модераторлық жасап, оқу орнында Жолдау аясындағы тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, аймағымыздағы жоғары оқу орындарының ректорлары, оқытушылары мен студенттері қатысты.
Мәлік Нұржанұлы жастарға қолдау білдіру Президенттің басты назарында екенін жеткізді. Президент кеңесшісі жастарға озық ойлы ұлтқа айналу үшін білім мен ғылымның қаншалықты маңызды екенін айтты.
“Ішкі мәдениет – білім мен ғылымның, мәдениет пен өнердің арқасында дамиды. Біз кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Қазіргі таңда ұлттық әдебиеттен алыстап барамыз. Әр салада батыстың, шығыстың зерттеушілерін оқып, тәжірибе алмасуымыз керек. Дегенмен, қазақты қазақ етіп көрсететін – ұлттық әдебиет екенін ұмытпауымыз керек. Қай салада білім алсақ та, қай салада қызмет етсек те ұлттық әдебиет осы уақытқа дейін қаймағымызды бұзбаған. Сондықтан жастарды кітап оқуға шақырамын”,-деді Мәлік Нұржанұлы.
Сонымен қатар, Президенттің құрылтайда айтқан ұлттық бірегейлікті сақтаудағы ойларымен бөлісті. Жастарға Мемлекет басшысының кітапқа жақын екенін, бес тілді жетік білуі – білімнің арқасында екенін атап көрсетті. Мемлекеттік тілді сауатты меңгеруге, шет тілдерін үйренуге шақырды. Бұдан бөлек, нақты әрі сапалы ақпарат көздерін газет-журналдардан оқуға кеңес берді.
Қазіргі таңда Сыр елінде 3 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Атап айтсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, “Болашақ” университеті және “Қызылорда ашық” университеті. Кездесу барысында әр университет өкілі Президент Жолдауынан туындаған міндеттер бойынша оқу орнында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. “Болашақ” университетінің ректоры Өмірбек Үмбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жастар комитетінің төрағасы Нұрайым Сағнадинқызы, Қызылорда ашық университетінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Медет Бақытжан баяндама жасады.