Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партияның Сайлауалды бағдарламасы мен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында КБИ мөлтек ауданында салынып жатқан білім ордасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Мониторинг жұмысына партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы және партиялық бақылау комиссиясы өкілдері, облыстық, қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясы мүшелері қатысты.
Мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір 80 пайызға жуығы аяқталған деуге болады. Заманауи ғимарат 600 орынға арналған. Жалпы атап өту керек, өңірде «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 2025 жылға дейін 12 мыңнан астам орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған болатын. Қаланың сол жағалауынан оның алғашқысы халық игілігіне табысталды. Негізінен «Жайлы мектеп» ауыл-аймақтар мен қалаларда бірыңғай стандартпен салынады. Басты ерекшелігі, бастауыш пен жоғары сынып оқушылары екі бөлек блокта білім алады. Оқушылар бос уақыттын тиімді өткізуге, шығармашылығын шыңдауға да лайықты жағдай жасалады. Яғни балалар арнайы кластарда шығармашылық жұмысымен айналысады. Мониторинг барысында партиялық бақылау тобы өкілдері мұндай орындардың балалардың еркін жұмыс жасауына ыңғайлы болуын да бағамдап, ұсыныс пікірлерін айтты.
Партия филиалының төрағасы мердігерлерге, технадзорларға құрылыс сапасына жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
«Аймақта салынып жатқан барлық құрылыс барысы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей назарында. Бұл «Жайлы мектеп» тікелей Мемлекет басшысының тапсырысы негізінде жүзеге асып жатыр. Мұнда балалар білім алатындықтан оның қауіпсіздігі, сапасы ең бірінші кезекте болуы керек. Сондықтан кейін болашақ балаларымыздың заманауи, сапалы, зәулім мектепте білім алуы үшін құрылыс сапасына ерекше мән беру керек. Қазір бұл аудан балалары басқа мектепте білім алып жатыр. Құрылысты мерзімінде аяқтау да маңызды»,- деді партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов.