Арғы-бергі тарихқа ой жіберсек, халқымыздың өмірі мен өркендеуі жолында шешуші кезең, бағамды бетбұрыс болған үлкенді-кішілі оқиғалар аз емес. Еңсемізді тіктеген тұстағы елдік шежіреміздің жөні бөлек. Әсіресе 2019 жылдан бергі бес жыл бедеріндегі түбегейлі жаңарудың басты бағыты – елдік іске ұлт пен жұртты жұдырықтай жұмылдыру, әділетті қоғам жолындағы мұрат-мақсатты баянды ету.

Оның түп-тамыры әріде жатыр. Данышпан халқымыз бірлікті, білектей бірігіп тірлік етуді бәрінен бұрын қойған. Ұлт көсемдерінің өсие­ті­не жүгінер болсақ, айбыны мен ақылы қатар даңқ құрған Абылай хан: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» десе, Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек» деп, екеуі де арнаны білімге бұрған екен.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғаннан кейінгі алғашқы Жолдауын «Бірлік – ақылға бірлік» деген Абай өсиетімен түйіндесе, келесі Жолдауында жаңа қағидаттарды, білім ісі – ұлт ісі деген ұстанымды алға тартып: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», «Оқусыз халық, қанша бай болса да, біраз жылдан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді», деген Ахмет Байтұрсынұлының сөздерін еске салды. Жай еске алынбады, бұл бағытта мемлекет тарапынан қыруар іс атқарылды. Еліміздегі 22000-нан аса білім мекемесіндегі 6 миллионға жуық баланы оқу мен тәрбиеге сусындатып жүрген 600 мыңға жуық педагогтің қызметі жоғары бағаланып, оларды қолдау мемлекеттің басым бағыттарының біріне айналды.

Кейінгі бес жылда мемлекеттің білім сапасын арттыруға бағытталған мыңдаған іс-шараны тізбектеп жатқаннан гөрі қадау-қадау қадамдарды атап өткен дұрыс болар. Оның алғашқысы да маңыздысы – педагог қауымының жиырма жыл күткен «Педагог мәртебесі туралы» заңның 2019 жылы қабылдануы. Бұл заң кейінгі жылдарда мәртебесі төмендей бастаған қоғамдағы мұғалім рөлін айқындап бер­ді.

Біз көбіне шетелдерде, оның ішінде Жапонияда мұғалімдерге жасалатын құрмет туралы айтамыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік қызметке сайланғаннан кейін мұғалімдердің рухын көтеріп, мәртебесін арттыру мақсатында 2019 жылы Тамыз мәслихатына қатысқаны мәлім. Одан кейін 2023 жылы педагогтердің бірінші съезінде сөз сөйлеп, «Ұлт келбеті – ұстаз, ұстаз қандай болса, мемлекет сондай болады» деген қанатты сөзді алға тартты. Осылай дей келіп, Мемлекет басшысы мықты ұстазды қалыптастыру үшін оған көрсетілер құрмет те жоғары болуға тиіс екенін қадап айтып, мұғалім­дердің айлығын екі есе көтеруге Үкіметке тапсырма берді. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты дәйекке жүгінсек, 4 жылдың ішінде мұғалімдердің айлығы 100 пайызға, ал мектепке дейінгі тәрбие мекемелері қызметкерлеріне және колледждерге кәсіпорыннан тартылатын мамандарға төленетін айлық 30 пайызға өсті. Сонымен қатар әлемдегі ең беделді 7 халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарға қомақты сыйақы да қарастырылған. Ал «Үздік педагог» байқауының жеңім­­­­­паз­­­да­рына 1000 АЕК шамасында сыйақы тағайындалған. Бүгінде олардың саны 688.

Мектептегі қағазбастылық азайтылып, мұғалімдердің апталық жүктемесі 18-ден 16 сағатқа төмендетілді. Бұл тіпті кеңес дәуірінде де шешімін таппаған мәселе болатын. Сондай-ақ 1000 айлық есептік көрсеткіш сыйақысымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы қалпына келтіріліп, 46 педагогтің маңдай тер, адал еңбегі әділ бағаланды.

Аягүл Миразова мен Алина Соловьева­дан кейін кейінгі он жылда бірін­ші рет семейлік мұғалім Алма Шүкежановаға өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі отандық педагогтер қауымына көрсетілген үлкен құрметтің тағы бір белгісі болды. Мемлекет тарапынан жасалған бұл қадамдар ұлт келбеті болар мұғалімге көрсетілген ерекше қам­қорлық екенін педагогтер қауымы сезініп, жылы қабылдады.

Ертеңгінің жүгі салмақты, оны атқару да оңай емес. Сол салмақты іс – білім саласы қызметкерлеріне артылған жүк, жай жүк емес, аманаттың жүгі. Аманаттың жүгі қашанда ауыр болатыны белгілі. Бүгінгі ұрпақ ертеңгі мемлекет тағдырына жа­уапты екені де сөзсіз. Сол жауапкершілікті атқарып келе жатқан кім десек, «Мектептің жаны – мұғалім» (А.Байтұрсынұлы) екенін сезінетініміз анық.

Мұғалімге жасалып жатқан жақсылық пен көрсетілген құрмет нәтижесінде жыл сайын осы мамандыққа ұмтылушылар саны артып келеді. Бұрын заңгер, экономист, халықаралық қатынастарға талпынатын талапкерлер ендігі жерде ұстаз болуға бет бұрғаны байқалады. Бір ғана мысал, былтыр «Алтын белгі» алған 1500 оқушы ұстаздық мамандықты таңдаса, биыл олардың саны 1800-ге жетті. Бес-алты жыл бұрын мұндай қызығушылық байқалмайтын. Педагог мамандығына түсуге ҰБТ-дағы шекті көрсеткіштің 50-ден 75 балға көтерілгеніне қарамастан осылай болып отыр. Бұл – келешекте білімді де білікті әрі талантты жас ұстаздар мектепке көптеп келеді деген сөз.

Асылы, ел ертеңі – бүгінгі оқушыларды сапалы білім мен саналы тәрбиеге бейімдеу үрдісі білім ұйымдары басшыларының кәсіби әлеуетіне де тікелей байланыс­ты екені анық. Ұстаздар біліктілігіне жаңа талаптар қойылды. Осы орайда Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы қолға алынды. Жоба нәтижесінде білім ұйымдарына шығармашыл, көш­бас­шы, жасампаз, белсенді кәсіби басшылар тағайындалып, өз жемісін беріп келеді. Осы жоба шеңберінде өткен жылы 208 педагог сертификатталды. Биыл да аталған жоба жалғасын тауып, жаңа форматтағы басшылардың кадрлық резерві толыға түседі.

Инфрақұрылымдық өзгерістер туралы айтар болсақ, кейінгі 5 жылда Президенттің пәрменімен 1 000 000-ға жуық оқушы орнына арналған 1000-нан аса мектеп пайдалануға берілді. Мәселен, өткен оқу жылында 137 мың оқушы орнына арналған 165 мектеп салынса, биылдың өзінде 367 мың оқушы орнына арналған 221 мектеп құрылысы аяқталды. Бұл еліміздегі үшауысымды 106 мектептің санын биылдың өзінде 70 пайызға төмендетуге мүмкіндік бермек.

Әрбір оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау үшін Президенттің бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық мега жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектеп құрылысы да қатар жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі үшауысымды және оқушы орнына тапшылығы бар мектептердің мәселесін түбегейлі шешуге бағытталып отыр. Жемқорлардан тәркіленген қаржыдан құрылған Инфрақұрылымды қолдау қоры есебінен 94 000 оқушы орнына арналған 83 мектеп пайдалануға берілді. Жыл сайын 300-ге жуық мектеп күрделі жөндеуден, ал кейінгі үш жылдың ішінде 3000-ан аса мектеп қайта жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдықтармен, роботтехника, IT, STEM пәндік кабинеттермен жасақталып, оқушылардың қауіпсіз білім алуына мүмкіндік туғызып отырғанын баса атап өткен жөн. Мемлекеттің жүйелі іс-шараларының нәтижесінде бүгіннің өзінде елімізде 3000 мектеп бір ауысымда білім береді. Дегенмен мектептердің инфрақұрылымын ретке келтіруге атқарылар жұмыстар әлі де баршылық. Атам қазақ жақсылықты алға оздырып, артымнан алдым биік болсын демеуші ме еді.

Ендігі меже – алдағы үш жылдың ішінде еліміздегі барлық мектептің инфрақұрылымын ауыл-қала деп қара­мастан, заманауи деңгейге жеткізу. Қазір 1290 мектеп заманға сай жөндеуді талап етеді. Оның 900-і ауылда орналасқан. Бұл – мемлекеттің бүкіл мек­тепті заманауи талаптар деңгейіне жеткізу, балалардың сапалы білімге қол­же­тімділігі мен тең мүмкіндігін қамта­масыз ету бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі.

Білім мекемелерін толықтай қауіп­сіздік құрылғыларымен жабдықтау, балабақшаға баратын мұқтаж отба­сының 100 мың балдырғанын, 1 млн 700 мың бас­тауыш сынып оқушысын тегін ыстық тамақпен қамту да – осы бес жылда атқарылған жұмыстардың нәтижесі.

Мемлекет басшысы: «ХХІ ғасыр – өзгермелі әлемдегі жасампаз ұрпақтың дәуірі. Жаңа цифрлық даму кезеңінде қоғамның игілігіне қызмет атқаратын ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу ұлттың жаңа сапасын қалыптастырады» деген болатын. Қазіргі жаһандану және цифрландыру дәуірі бүгінгі білім алушылардың білімі мен білігін, дүниетанымы мен ұстанымын, құндылықтары мен құзыреттерін қалып­тастыруға зор ықпалын тигізіп отырғаны белгілі.

Жыл санап емес, күн сайын жаңарған технологиялардың дамуы, еңбек нары­ғында жаңа мамандықтардың пайда болуы орта білім саласына заман көшіне ілесу талаптарын қойып отыр. Орта білім жүйесінде жасанды интеллект мүм­кіндіктерін пайдалану бағытында жұмыстар қолға алынды. Осы орайда еліміздегі білім мекемелерінің қызметін толық автоматтандыру жұмысы қар­­­­қындап, «Smart оқу-ағарту» жүйесі қолға алынып жатыр. Педагогтердің кәсіби дең­гейін әділ әрі ашық бағалау мақсатында және біліктілігін үздіксіз дамытудың автоматтандырылған ұлттық платформасы іске қосылмақ. Интернеттің сапасы екі жылдың ішінде 19-дан 89 пайызға көтерілді.

Техникалық мүмкіндіктері жоқ шал­ғай­­дағы ауыл мектептеріне Starlink спут­нигі орнатылып, интернет жылдамды­ғы­ның орташа көрсеткіші 8 мгб-дан 75 мгб-ға артты. Оқулықтар толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, білім алушылардың жекелеген пәндер бо­йынша цифрлық оқу материалдарына 11 платформада қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларға арналған «Цифрлық мұғалім» жобасы іске қосылды.

Бүгінгі орта білім саласына терең білімді ғана емес, функционалдық сауаттылығы жоғары, ұлттық құнды­лықтарға терең бойлаған, түйінді және пәндік құзыреттері орнықты қалыптасқан, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мектеп түлектерін қанаттандыру миссия­сы жүктелген. Яғни жастар бойына заманауи талаптарға сай маңызды құзыреттіліктер, сыни ойлау, креативтілік, прагматикалық және жасампаздық сияқты қабілеттерді дарыту мақсаты тұр.

Дарынды балаларды ынталандыру мақсатында мемлекет алғаш рет әлемдегі ең үздік жеті олимпиаданың жеңімпаздарына қаржылай сыйақы тағайындады. Осыған орай, халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлеріне екі жыл қатарынан 1500, 1000, 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы беріліп келеді. Нәтиже де көп күттірген жоқ. Мәселен, биыл халықаралық олим­пиа­даға қатысқан оқушылардың әрбір екіншісі жүлделі орынмен оралып, ел қоржынына 58 алтын медаль қосты. Халықаралық химия олимпиадасы мен роботтехникадан ең беделді «First Global Challenge» жарыстарынан 190 қатысушы елдің арасынан оза шауып, қатарынан үш жыл бірінші орын иеленіп, біздің оқушылар екі олимпиадада әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Бұл нәтиже әлем аренасындағы біздің жастардың зияткерлік биік деңгейін байқатты.

Биылғы үлкен жетістігіміз – биология­дан оқушылар арасындағы ең беделді 35 жылдық тарихы бар халықаралық олим­пиаданың (IBO-2024) тұңғыш рет Астанада өтті.

Бұл олимпиадаға 81 елден 305 оқушы, 275 ғалым қатысып, олар өзара 150-ге жуық жүлдені сарапқа салды. Бұл – Қазақ елінің биік беделін танытатын көрсеткіш. Қазақстан командасынан қатысқан 4 оқушы да 100 пайыздық есеппен қола медальға қол жеткізді.

«Ауыл мектептерінің республикалық пән олимпиадасы» биыл екінші рет өтіп жатыр. Бұл республикалық білім жарысына ауылдан қатысатын үміткерлер ішіндегі жеңімпаздар санының 10 есеге артуына ықпал етіп, ауыл мектептеріндегі талантты жастарға жол ашып отыр. Мұндай іс ауыл баласын қанаттандырып қана қоймайды, олардың кіндік қаны тамған жерді танытуға, елін сақтауға деген ынта-ықыластарын оятары анық.

Жоғарыда аталған іс-шаралардың қо­мақты қаржысыз шешілмейтіні бел­гілі. Кейінгі бес жылда білім саласына бөлінген қаржы көлемінің 2,7 есеге, яғни 1,9 триллионнан 5 триллион теңгеге артқанын, ал инвестицияның 6 есеге өскенін көруге болады. Дегенмен мемлекет бөлген қаржыны төкпей-шашпай ұтымды жарату аса маңызды. Осыған орай, білім беру ісіне бөлінген қаржыны талан-таражға салудың жолын кесу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп «Жол картасын» қабылдаған едік. Соның нәтижесінде жөнсіз жұмсалған 15 миллиард теңге мемлекет қазынасына қайтарылды. Өз мүддесін ойлағандар тиісті жазасын алды. Бұл жөнінде жұртшылық хабардар.

Мемлекет басшысы Ұлттық құ­рылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөй­­леген сөзінде ұрпақ тәрбиесіне баса мән берген еді. Өскелең ұрпақтың бойынан отаншылдық, адамгершілік, білім­паздық, нағыз маман болу, үнемшіл­дік, еңбекқорлық, ел мен жерге жана­шырлық сияқты асыл қасиеттерді қалып­тастырудың маңыздылығын ерекше атап өткен-ді.

Ал биылғы Құрылтай отырысының мазмұны «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипатталғаны белгілі. Аталған үштаған – маңызды инс­титуционалдық өзгерістер ғана емес, қоғамдық көзқарастар мен білім модельдерін жаңғыртудың бағдары.

Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама шеңберінде мек­тептегі тәрбие жұмысын жүйелі жос­парлау үшін кешенді жұмыс жоспары және мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жас­тарды тәр­биелеу ісіндегі «Адал азамат» идеясымен терең тамырлас. Бұл бағдарлама балалар мен жастардың бойына әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық құндылықтарын дарыту арқылы адал еңбек пен қоғам игілігін алдыңғы орынға қоятын, адал, әділетті азаматтарды тәрбиелеу бағытын ұстанады. Ал «Әділетті Қазақстан» идеясы әрбір азаматқа өзін-өзі жүзеге асыруға, табысқа жетуге бірдей мүмкіндік беретін қоғам құру мақсатын көздейді. Бағдарламадағы «Озық ойлы ұлт» идея­сы балалар мен жастардың бо­­­­йында білімге құштарлық, шығармашылық және инновациялық ойлау, кәсіби даму, бірлік пен ынтымақ құндылықтарын дамыту арқылы өзгерістерге бейімделіп, инновациялық технологияларды ұтымды қолданатын ұлтты қалыптастыруға бағыт­талады. Жалпы, аталған тәрбие бағ­дар­ламасының басты өзегі – әрбір азаматты өзінің маңыздылығын, жауап­кер­шілігін және ортақ іске қосқан үлесін сезінетін әділетті, дамыған және инновациялық қоғам құруға бағыттау.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде мектепішілік іс-шаралардың саны қысқарып, 77 нақты қадам ретінде нақтыланды. Бағдарлама аясында 6 әлеуметтік жоба, 5 алдын алу шарасы және қауіп­сіз­дік сабақтары жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру білім саласының ғана емес, жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі мен міндеті екенін айқындайды. Бағ­дар­лама аясында мемлекеттік құзырлы органдардың білім ұйымдарымен бір­лескен жұмыстары, атап айтқанда «Бул­лингтен қорған», «Қауіпсіз қоғам», «Қо­ғам­дық мүлікті қорға», «Өмірге саламатты қадам», «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» сияқты алдын алу шаралары мен қауіп­сіз­дік сабақтары жоспарланды.

Бала тәрбиесі отбасынан бастау алып, мектепте жалғасады. Сондықтан да «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында отбасы мен мектеп ынтымақтастығын нығайтып, бала тәрбиесіндегі қиындық­тарды ата-ана, педагогтер бірлесіп шешу үшін «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталықтары ашылып, барлық білім ұйымы жанында жұмыс істейді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, аталған жоба бала тәрбиесінде бірлесіп әрекет етіп, ұрпақ тәрбиесін жүйелі жолға қоюды көздейді. Нәти­жесінде, ата-аналар педагогтермен бір­лесіп, бала тәрбиесін күшейтті, олар­дың мектепішілік іс-шараларға белсене қатысуы бір жылдың ішінде 40 пайыздан 60 пайызға өсті.

Дана халқымыз «Білім мен тәрбие егіз» деп бекер айтпаса керек. Ананы ардақтау, үлкенді құрметтеу, татулық пен мейірімділік қуатты ел болуымыздың алғышарттарының бірі десе де болады. Ата-бабамыздың асыл арманы – тәуелсіз ел болу, әділетті қоғам орнату және тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешу. Демек біздің қазіргі қоғамдағы баршамызға ортақ және бәріміз үшін қастерлі мақсатымыз – терең білім мен саналы тәрбиеге уызынан қанып өскен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру екенін даусыз.

Тәрбие біліммен ұштас екені белгілі. Ал білім негізі әлімсақтан кітапта жатқаны анық. Президенттің тап­сырмасына сәйкес «Мектеп балалар кітапханасы» жобасы бекітілді. Балаларға арналған, кезінде жарық көріп, кейін қайта басылмаған қазақ әдебиетінің айтулы өкілдері мен классиктерінің кітаптарын, әлем әдебиетінен аударылған дүниелерді қайта сүзгіден өткіздік. 1700 атау анықталып, тізім үш министрлік, яғни Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат министрліктері арқылы бекітілді.

Халықаралық рейтинг көрсеткіштері бойынша еліміздің шығар биігі де жақсара бастағанын атап өткен жөн. Мәселен, ЭЫДҰ-ға мүше елдер арасында өтетін PISA көрсеткіштері бойынша еліміз математика мен жаратылыстану пәндерінен 50 үздік мемлекет қатарына кірді. Ал «legatum Prosperity Index» 2023 жылғы көрсеткіші бойынша «Білім» саласы 13-сатыға жоғары көтерілген.

Оқу-ағарту министрлігін болашақ ұрпақты қалыптастырушы десек болар. Себебі өзге салалар іс нәтижесін бір күнде, не қысқа уақыт ішінде көре алса, оқу-ағарту – араға жылдар салып барып жемісін беретін сала. Ақыл-ойдың нәтижесін, ғылым жаңалығы секілді он бір жылдан кейін, білім ордасы түлектері қанаттанған кезде ғана көреміз. Жетістік жемісі дегеніміз осы болар.

Десек те, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен бес жылда қол жеткізген табыстарымыз – алда межеленген мақсаттарға сөзсіз қол жеткізетініміздің нақты дәлелі, айқын көрінісі.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ,

Оқу-ағарту министрі

БӨЛІСУ