Бүгінгі таңда Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинамен 11-13 жас аралығындағы 54,5 мыңнан астам қыз егілді.

Қазан айының басынан бастап республикада әр жерде жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы 11 жастағы қыздарға вакцинациялау жүргізілуде. Сондай-ақ, 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған толтыру иммундауы жүргізілуде.

Өңірлердің арасында АПВ-ға қарсы вакцинациялау бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр, онда 11,1 мыңнан астам қыз егілді, Шымкент қаласында 5,3 мыңнан астам оқушы, Қарағанды облысында 4,3 мыңнан астам, Жамбыл облысында 4 мыңнан астам, Астанада 3,7 мыңнан астам қыз вакцинацияланды.

Вакцинацияланғандардың арасында иммундаудан кейін қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.

Қазақстанда екпелер мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ата-аналардың өтініші бойынша вакцинациялау тіркелген жері бойынша емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

АПВ-ға қарсы профилактикалық вакцинациялау жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың дамуына жол бермейді.

Қазақстанда жатыр мойны обыры (ЖМО) барлық жастағы әйелдердің арасында сүт безі обырынан кейінгі екінші және фертилдік жастағы (25-44 жас) әйелдердің сүт безі обырынан кейінгі өлімінің екінші себебі болып табылады.

БӨЛІСУ