2024 жылғы 1 қараша күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс 28-сессиясы өтті.

Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті.
Сессияның күн тәртібіне: «2024-2026 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу, «Қызылорда қаласында тұрғын үй көмегін көрсету мен тәртібін айқындау», «Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесін бекіту туралы» мәселелері шығарылып, талқыланды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К.Құрақбаева, қалалық мәслихат аппаратының заңгері М.Мұхтаров хабарлама жасап, берілген сауалдарға жауап берді.

Сессияда депутат М. Есжанов: Қызылөзек ауылындағы Қожақ көпірін жөндеуден өткізуге қаржылардың кешігіп отырғандығы және орталықтан басқа, шеткі аймақтар мен елді мекендердің жолсыз көшелеріне жол салуды назарға алу, Ақсуат ауылында салынған аялдаманы қажетті орынға көшіру;
Депутат М.Әбдіхалықов: депутаттардың ұсыныстары бюджетке енгізілмей қалып жатқандықтан, алдағы бюджеттік жобаларды жасағанда депутаттық сауалдарда көтерілген депутаттардың сайлау округтеріндегі /жол, жарық т.б/ өзекті мәселелерді бюджетке енгізу;
Депутат Ә.Әбләзім: Бәйтерек мөлтек ауданында жақында берілген балабақшаның толыққанды жұмыс жасамауы, жөндеуден өткізілуі жоспарланған 11 көшедегі жұмыстардың аяқталмай тұрғандығы;
Депутат А.Мұсабаева: Шұғыла мөлтек ауданындағы №235 мектеп пен Қызғалдақ балабақшасының аумағындағы жолды жөндеу, жарықтандыру;
Ғ.Бәйсейітов: 2023 жылы жарықтандыру жоспарланған 52 көшедегі жұмыстар қаншалықты (Құлтекенов көшесіне жарық бармаған) аяқталғандығы, жаңадан абаттандырылған саябақтарды күтіп ұстау мәселесі;
Т.Мақаш: Досан ауылына жарық желісін жүргізу /республикалық бюджеттен қаржысы бөлінбеген/ кешеуілдеп отырғандығы;
Р.Ысқақова: Арай, Ипподром мөлтек аудандарының инфрақұрылымын дамыту бойынша берілген ұсыныстардың қаржыландырылмауы және қала басшысына депутаттардың ұсыныстарын өз бақылауына алу туралы ұсынысын білдірді.

Мәслихат төрағасы И.Құттықожаев: «Депутаттардың ұсынысы халықтың ұсынысы, сондықтан қалалық дербес бөлімдер депутаттар тарапынан берілген ұсыныстарды бюджеттік жобаларға енгізу, бюджеттік өтінімдерді жасағанда депутаттармен бірлесе отырып әзірлеуді ескертті.

Сессия барысында қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Әбсұлтанов қаладағы төрт саябақты абаттандыру мақсатында мердігер мекемелерді анықтау үшін және Ақсуат ауылында жайлы мектеп салуға қосымша жер сатып алуға қосымша қаражат бөлу туралы ұсыныс берді.

Сессияға қатысқан қала әкімі Н.Ахатов: «Облыс басшысының қолдауымен жыл басында 54 млрд көлемде бекітілген қала бюджеті 110 млрд жеткендігін, соған сәйкес қалада ауқымды жұмыстар жүріп жатқандығын атап өтті. Алдағы уақытта тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қаладағы Қорқыт ата, қалалық парк, Президент, Шөкенов саябақтарына ішінара және толық абаттандыру жұмыстары жүргізелетіндігін» жеткізді.

Сессия отырысына қала әкімінің орынбасарлары П.Шамұратов, Ғ.Еркебай, қала әкімінің аппарат басшысы М.Тасқараев, қалалық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сессия қарауына шығарылған барлық мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

БӨЛІСУ