Мемлекеттік қолдаудың арқасында Қызылорда облысының құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бюджет көлемі де 2022 жылмен салыстырғанда 5 есеге артқан. 2024 жылы 189 жобаны жүзеге асыруға 134,8 млрд теңге бөлінді.
Бөлінген қаржы төмендегілерге бөлінеді:
- Білім беру саласында – 36 нысан (44,3 млрд теңге);
- Денсаулық сақтау саласында – 22 нысан (11,2 млрд теңге);
- Мәдениет саласында – 13 нысан (9,2 млрд теңге);
- Спорт саласында – 14 нысан (14,1 млрд теңге);
- Қоғамдық тәртіпте – 1 нысан (34,9 млн теңге);
- Жұмылдыру – 1 нысан (89 млн теңге);
- Мемлекеттік орган – 3 нысан (1,8 млрд теңге);
- 21 тұрғын үй құрылысы – 1 154 пәтер (10,8 млрд теңге);
- Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту – 78 жоба (15,3 млрд теңге);
- 1 696 пәтер сатып алуға және 135 апатты үйдің орнына пәтер сатып алуға бөлінеді (26,1 млрд теңге).
Биыл Қызылорда облысындағы құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 869,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар. Ұлттық жоба аясында 1 154 пәтерді құрайтын 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтар үшін 1 696 пәтер сатып алу және апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу көзделген.
Соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.
Тұрғын үй құрылысының көлемі 126%-ға өсіп, 2022 жылы 683,2 мың шаршы метрден 2023 жылы 740,2 мың шаршы метр көрсеткішке жетсе, жыл соңына дейін 863,9 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған.
Облыс бойынша ірі әлеуметтік жобалардың қатары көбейіп, аймақта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл облыс орталығында «Өнер орталығы», Облыстық қан орталығы пайдалануға берілсе, құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 300 орындық жатаққанасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты жыл соңына дейін табысталатын болады.
Бұған қоса, жалпы құны 11,5 млрд теңге болатын 7 ауданда музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының құрылысы қарқынды жүруде. Барлығын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 жыл ішінде облыста 21 білім ошағы салынатын болады, өткен жылы 10 жайлы мектептің құрылысы басталып, оларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Қалған 11 жайлы мектептің құрылысы осы жылы басталады.
Сол жағалаудағы Оқушылар сарайының, Үстел теннисі орталығының құрылысы аяқталды. Музыкалық колледж құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оны келесі жылы аяқтау жоспарланған.
2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Өткен жылы олардың 16 нысаны аяқталып, ел игілігіне табысталды. Осы жылы 11 дәрігерлік амбулатория салынып жатыр, олар жыл соңына дейін аяқталатын болады. Сондай-ақ бүгінде емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр.
Сонымен қатар 10 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионының құрылысы және құны 6,9 млрд теңгені құрайтын «Көпсалалы дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы» жүргізілуде.