2024 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 103,8%-ға, ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция – 119,7%-ға, тамақ өнімдерін өндіру көлемі – 103,3%-ға орындалды, сондай-ақ төрт түлік мал басы мен өндірілген өнімдерінде де тұрақты өсім байқалады.

Қызылорда облысының егіншілік саласы табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сәйкес толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш ауыспалы егістік жүйесіне негізделген. Сондықтан, күріш дақылы аймақтың негізгі дақылы болып саналады.

Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, су үнемдеу технологияларын қолдану мүмкін емес. Дегенмен, өңір дихандары су шығынын азайту мақсатында соңғы он жыл көлемінде күріш алқаптарына лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде суды 20%-ға дейін үнемдеуге, өнімділікті 30%-ға дейін көтеруге болатынына көз жеткізді.

Биыл егілген күріш егістігінің 55 мың гектарына лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы 5 жылда оны 72 мың гектарға жеткізу жоспарланған.

Облыс бойынша күріш дақылын өңдеу жолға қойылған. Есепті кезеңде 152,8 мың тонна күріш жармасы өңделіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,3%-ға артты. Осы жылы жалпы қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайтын 6 күріш ақтайтын зауыттың құрылысын салу жоспарланып, қазіргі таңда 4 жоба жүзеге асырылды. Қалған 2 жобаны қараша-желтоқсан айларында іске қосу көзделген.

Үкімет қаулысымен Қызылорда облысы Ұлытау облысының жайылымдарын 2050 жылға дейін пайдалануын жалғастыратын болып шешілді. Осыған байланысты өңірде жерді тиімді пайдалану тұрғысынан көптеген шаралар атқарылуда. Аталған аумақ ертеден Қызылорда облысы малшыларының шалғай мал жайылымдығы ретінде пайдаланылып келген. Бұл аумақта Қызылорда облысының төрт ауданының жайылымдық алқаптары орналасқан (Арал ауданы – 135,4 мың га, Жалағаш ауданы – 591,6 мың га, Сырдария ауданы – 1356,1 мың га, Қармақшы ауданы – 127,8 мың га). Қазіргі уақытта аумақта 120-ға жуық жер пайдаланушы осы жерлерде тұрақты мал шаруашылығымен айналысады, олардың қолында 20 мыңға жуық мал басы шоғырланған.

Сонымен қатар дәстүрлі мал шаруашылығын жүргізу тәсілдеріне сәйкес жалға алған аумақта Жалағаш, Қармақшы, Сырдария және Шиелі аудандары тұрғындары мен шаруашылықтарының 123,3 мың бас малы маусымдық мал жайылымына шығарылып, бағылуда. Яғни, шаруашылықтардың мал жайылымы қажеттігі негізінен осы аумақтан қанағаттандырылуда.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару және елді мекендерді жайылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ауылдық елді мекендердің жайылыммен қамтамасыз етілуіне талдау жасалды.

Облыс бойынша өзіндік қосалқы шаруашылықтардағы 153,8 мың бас шартты мал басына 1 966,5 мың га жайылым алқабы қажет етіледі. Жалпы облыс бойынша жетпей тұрған жайылым көлемі – 530,1 мың га, қамтамасыз ету деңгейі – 73%.

2022-2024 жылдары пайдаланылмай отырған 420 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, бүгінгі күнге 457,7 мың га жер қайтарылды (жоспар 108% орындалды). Қайтарылған 457,7 мың га жердің 49,5 мың га шаруашылық жүргізу мақсатында конкурс арқылы қайта айналымға енгізілді. Елді мекендердің маңында орналасқан 40,9 мың га жер 19 елді мекеннің жайылымы үшін белгіленді.

БӨЛІСУ