«Республика күні» өздеріңізге белгілі мемлекетіміздің қалыптасу тарихы ұлықталатын, өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттайтын күн. Қазақ елін қалыптастырып, елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық.

Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, құрмет тұтатын деңгейге жетуіне әрбір қазақстандықтың азаматтық адал борышы мен ерен еңбегінің қосқан үлесі зор. Әсіресе ел амандығы жолында айтарлықтай үлесін қосып келе жатқан медицина саласының қызметкерлерін ерекше атап өткен жөн.

Бүгін “Достық” үйiнде «Республика күні» Ұлттық мерекесіне арналған медицина қызметкерлері арасында салтанатты шара ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранымен ашылған мерекелік шарада алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы медицина қызметкерлерін ұлық мерекемен құттықтап, сала мамандарына марапат табыс етті. Одан соң аймақтың бас дәрігері Искаков Олжас Ермекұлы марапаттар легiн жалғастырды.
Шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

Денсаулық сақтау саласы – Қазақ елінің болашағы үшін маңызы зор салалардың бірі десек, бүгінгі күнге дейінгі тоқтаусыз дамып келе жатқан медицина саласы 33 жылдан астам уақытта биік белестерді бағындырып үлгерді.
Медицина ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, ақ халатты абзал жандардың біліктіліктері мен тәжірибелері артты. Бұл орайда Сыр медицинасы республика көлемінде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында көш бастап келеді.

БӨЛІСУ