Өңірімізде шаруашылыққа ден қойып, кең қанат жайған ауылдар көп. Соның ішінде, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен өркендеген ауылдар да аз емес.
Бүгін аймақтық ауыл әкімдері форумының барысында партияның хатшысы Ержан Жұматұлы мен ҚР Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында атқарылған жұмыстармен танысты.
Бесарықта «Абай-Дәулет» серіктестігінің бастамасымен фри зауыты, партияның «Ауыл аманаты» жобасымен наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнім цехтары, жұмыс қолғабы, шұлық, пластик ыдыстар, сабын, ағаш бұйымдары өндірістері жұмысын жасауда. Сондай-ақ, тұрғындардың сұранысына ие «Қызылорда» супермаркеті мен «Помидор» дәмханасы да жоғары сапалы қызмет көрсетуде.
Бұнда жергілікті өнімдер нарық бағасынан төмен саудалануда. Сәйкесінше сұраныс та жоғары. Сонымен қатар, ауылда басқа да салалар қарқынды дамуда. Бұған «Абай-Дәулет» серіктестігі үлкен қолдау білдіруде. Соңғы жылдары аталмыш серіктестік ауылды көркейту, көгалдандыру, күрделі жөндеу жұмыстарына 730 млн. теңгеден астам қаржы бөлді. Шаруашылық есебінен ауыл әкімдігі, мектеп, балабақша, мешіт ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді.
Биыл 642 млн. теңгеге орталық алаңға қайта жаңғырту жүргізіліп, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды. Соның негізінде, жергілікті тұрғындардың, жастардың уақытын тиімді өткізу үшін «Адал адам» мәдени орталығы ашылды. Бұнда кино залы, кітапхана, студия және түрлі үйірмелер жұмыс жасауда.
Аймаққа сапары барысында партия Хатшысы «Ауыл аманаты» жобасының септігін кәсіп ашуға ынталы әр ауыл тұрғыны көру керектігін жеткізді.