Республика күні қарсаңында елордада «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биылғы жылы аталған байқауға аймағымыздағы мектептер мен колледждерден барлығы 9 мұғалім қатысып, оның ішінде 6 педагог өз ісінің үздігі болып танылды.

Атар айтсақ, Қызылорда қаласы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп – интернатының «педагог – зерттеуші» санатты математика және физика пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Ақышева Қарлығаш Дауылбайқызы, Қызылорда қаласы №10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының биология пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Берікалдиев Бекнұр Нұрзатұлы, Қызылорда қаласы Ж.Нұрманов атындағы № 198 орта мектебінің «педагог-зерттеуші» санатты бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі Әкімбаева Баян Асылбекқызы, Қызылорда қаласы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ- мектеп-лицейінің «педагог-зерттеуші» санатты химия пәнінің мұғалімі, біліктілік арттыру курстарының облыстық тренері Сарыбаева Гүлжаухар Тоғанасқызы, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «педагог-зерттеуші» санатты арнайы пән оқытушысы Дүйсенова Тұрар Жайшылыққызы, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Арыстанбекова Гүлзира Ізінбекқызы мәртебелі атаққа ие болды.

Айта кетейік, республикалық байқау жеңімпаздары «Үздік педагог» куәлігімен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1000 АЕК (3,6 млн теңгеден астам) мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталды.

Анықтама үшін: «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін 39-ға жуық педагог үздік деп танылды, олардың әрқайсысына мемлекеттік қолдау ретінде 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілді. Республикалық конкурстық комиссияның құрамына ҮЕҰ, ата-аналар қоғамының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының өкілдері және т.б. кіреді.

©️Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

БӨЛІСУ