Ұлттық мереке – Республика күніне арналған мерейлі мезіретте Қызылорда облысындағы аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері бірқатар марапаттарға ие болып, құрметке кенелді.
Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиында Төраға Әділбек Ерсұлтанов сайлау, референдум өткізу мемлекет үшін маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтіп, әрбір науқанды заң аясында ашық әрі алқалы түрде өткізу – комиссия мүшелерінің міндеті екенін жеткізді. Бұл ретте табанды қызмет етіп, сайлауды жоғары деңгейде ұйымдастырған әріптестердің еңбегін бағалауға тиіспіз деді.
Кездесуде Әділбек Бөрібайұлы 8 желтоқсандағы шығып қалған мәслихат депуттарының сайлауын өткізуде заңнама талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алу қажет екенін қаперге салып, округтік, учаскелік комиссия мүшелеріне арналған оқыту жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылуы қажет екенін алға тартты.
Жиында еңбегімен көзге түскен бірқатар комиссия мүшелері марапат төрінен көрінді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Бақытжан Ідірісов наградталды.
Ал, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының «Құрмет» грамотасымен комиссия мүшесі Берлібек Ахмет марапатталды. Сондай-ақ, «Құрметке» Арал ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрбек Зағатов, Қармақшы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Аққозбек Байсынов ие болды.
Мерейлі сәтте бірқатар азаматтар Орталық сайлау комиссиясы төрағасының «Алғыс» хатымен және Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясының «Алғысымен» марапатталды.