Аудандық мәдениет үйінде осындай атаумен өткен салтанатты шара 25 қазан – Республика күні мерекесіне арналды.
Ұлттық мерекенің мәні ашылып, отаншылдық сезім ерекше дәріптелген шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев алдымен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Тарихы құнды, болашағы нұрлы – Қазақстан» атты кең көлемді мазмұнды кітап көрмесін көрді.
Мерекелік шара барсысында аудан әкімі А.Оңғарбаев барша аудан жұртшылығын мерекемен құттықтады.
– Ардақты ағайын, қадірлі жерлестер! Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Ұлттық мерекенің еліміз үшін мәні бөлек, маңызы зор. 1990 жылы нақ осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияда еліміздің егемендігі жарияланып, Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Бұдан бөлек мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі және мемлекеттік рәміздері бекітілді. Демек бұл күнді тарихи күн деп айтуға толық негіз бар. Асқан табандылықпен келген тәуелсіздігіміздің мәнін, елдің болашағын және ұрпақтарымызға қалдыратын мұраның құндылығын әрдайым есте сақтауымыз керек, – деген Аманжол Сақыпұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалына тоқталып, ауданда қолға алынған бірқатар жұмыстар легін атап өтті.
Атаулы мерекеде қоғамның түрлі саласында еңбегімен дараланған азаматтар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және облыс, аудан әкімінің «Алғысымен» марапаталды. Сондай-ақ, өңірімізді дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар еңбек ардагерлері мен сала майталмандарына «Арал ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Мерекелік кеш мағыналы әрі мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. Ұлттық аспаптардан күй күмбірлеп, патриоттық бағыттағы әндер шырқалды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі