Бүгін ауданда ХХХVІІ ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2024» спартакиадасының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, «Қайсар» футбол клубының директоры Садық Мұстафаев, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов, еңбек ардагерлері, аймақ бойынша спортшылар мен аудан тұрғындары қатысты.
Спартакиаданың ашылу салтанаты аудан өнерпаздарының дайындаған қойылымымен және спортшылардың шеруімен басталды. Салтанатты шеруді өңіріміздің ұлттық ат спортын, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген облыс спортшылары бастады. Одан кейін жиналған көпшілікке Бас төрешілер құрамы мен барлық аудан спортшылары таныстырылды.
Ашылу салтанатында аудан әкімі Берік Сәрменбаев спортшыларды Республика күнімен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 33-ші жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесуінде: «Спортты дамыту арқылы біз кәсіби спортқа жол ашамыз және ең бастысы, ұлт саулығын жақсартамыз» деген болатын. Ел Президентінің тапсырмасымен, Үкімет және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр елінде спорт саласында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Астана қаласында өткен Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғаған спортшыларымыздың барлығы жоғары нәтиже көрсетті. Сырдариялық Бексұлтан Бостандықов тоғызқұмалақтан чемпион атанса, белбеу күресінен Назерке Әбілтаева қола жүлдеге қол жеткізді. Соңғы жылдары аймағымызда заманауи спорт нысандары көптеп бой көтеруде. Спорт саласы бойынша 2023 жылы 13 спорт кешені салынса, оның біреуі Бесарық ауылында бой көтеруде. Ал биыл аймақта 10 спорт кешенінің құрылысы басталды. Құны 3,4 млрд. теңгеге Үстел теннисі орталығының құрылыс жұмыстары аяқталып, қазан айында ел игілігіне табысталды. Аймақ басшысының қолдауымен Сырдария ауданында спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бүгінде спортшыларымыз Азия біріншілігі мен Қазақстан чемпионаттарынан 155 медаль жеңіп алып, аудан мерейін үстем етуде. Бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан айтулы жұмыстардың нәтижесінде аудан тұрғындарының 39 пайызы тұрақты спортпен шұғылдануда. Биыл Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында ауыл спортшылары арасындағы «Алтын күз» спартакиадасы Сырдария ауданында өткізілуде. Дүбірлі жарысқа облыс бойынша 1600-дан аса спортшы қатысуда. Олар жарыстың 16 түрі бойынша өзара бақ сынайтын болады. Байрақты бәсекеде жаңа биіктерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінуге тілектеспін,– деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен бірге, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев пен облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң жиналған көпшілік «Алтын күз – 2024» спартакиадасының Алауын жағу рәсіміне куә болды. Дүбірлі дода алауын ұстаған аудан мақтаныштары орталық саябақтан бастап орталық стадионға дейін жүгіріп өтті. Облыстық спартакиада алауын алып кірген ауданның спорт саласын үлкен жетістіктерге жеткізіп, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғап жүрген спортшыларды спортсүйер көрермен зор ынтамен, ықыласпен, қошеметпен қарсы алды. Осылайша аудан тұрғындары мен қонақтары тарихи сәтке куә болды. Салтанатты рәсім соңы эстрада жұлдыздарының гала-концертімен жалғасты.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 39 пайызы бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысуда. Есепті кезеңде аудан көлемінде 73 спорттық жарыстар өткізіліп, 11 260 адам қатысты. Аудан спортшылары үстіміздегі жылы Әлем чемпионатында 5 медаль, Азия чемпионатында 6 медаль, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 144 медаль иеленді.