Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Республика күні мерекесіне орай салтанатты жиын өтті.
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов қатысушыларды Республика күнімен құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіріп, 25 қазанды Ұлттық мерекеге айналдырғанын еске салды.
«Тәуелсіздік жылдары Қазақстан сан өткелектен өтті. Бірақ, біз өткеннен сабақ алып, бүгінімізді табысты, ертеңімізді жасампаз ету мақсатынан тайған емеспіз. Қазіргі уақытта елде болып жатқан оң өзгерістердің барлығы да сол үшін жасалып жатыр. Көріп отырсыздар, заман, қоғам өзгерді. Қоғамдық сана жаңғыруда. Заң мен тәртіп үстемдігін орнатып, Әділетті Қазақстан құруға бет алдық. Ал, осы оң өзгерістердің ұшар басында – Президентіміздің реформалары тұр», – деді.
Ерлан Қошанов Республика күні қарсаңында ел дамуына ерекше үлес қосқан азаматтардың еңбегі мен жетістіктеріне лайықты құрмет көрсету қадамы игі дәстүрге айналғанын атап өтті. «AMANAT» Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асырудағы партияның ауқымды рөлін атап өтіп, партиялықтарға белсенді жұмысы мен жоғары азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.
Биыл наградталған азаматтар арасында Атом электр станциясын салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері мен белсенділері болды. Штаб алты саяси партия мен республикалық 20-дан астам қоғамдық ұйым өкілдерін біріктірді. Олардың қатарында педагогтар, дәрігерлер, шаруалар, мұнайшылар, кеншілер, металлургтер және еліміздің барлық өңіріндегі өзге де кәсіп өкілдері бар. Штаб мүшелері АЭС салуды қолдауға қатысты ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізіп, Президент ұсынған осы прогрессивті идея төңірегінде қоғамды топтастырды.
Салтанатты жиында Президент Жарлығына сәйкес, «Ерен еңбегі үшін» медалімен жерлесіміз, «Жарық» бастауыш партия ұйымының төрағасы Дәурен Әбілхаиров марапатталды.
Дәурен Тұрғанбайұлының бастамасымен аймағымызда партиялық жобалар белсенді жүзеге асып келеді. Оның ішінде спорттық сайыстар, әлеуметтік көмек көрсету секілді салаларда еңбегі зор.
Ол басқарған «Торғай Петролеум» АҚ еліміздің бес өңіріндегі су тасқыны кезінде гуманитарлық көрсетумен белсенді айналысты.
Сондай-ақ, азаматтарды қабылдау барысында біршама көмек түрлерін көрсетті.