Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Bastime зияткер клубының ұйымдастыруымен 25 қазан – Республика күніне орай Grill мейрамханасында Quiz интеллектуалды сайысы өтті.
Мақсаты – ұлттық бірегейлікті нығайту, бірлік пен татулықты дәріптеу, қоғамдық келісімді, қазақ тілін насихаттау.
Quiz сайысына этномәдени бірлестіктердің төрағалары, өңірлік ҚХА құрылымдары Аналар кеңесінің, Ғылыми-сарапшылық топтың, Ассамблея жастарының, Журналистер клубының, Медиация кеңесінің төрағалары, мүшелері және дербес топтарды қосқанда барлығы 9 команда қатысты.
Сайыс 7 кезеңнен тұрды. Бірінші «ТесТез» – 7 сұрақтан тұрды, әр сұрақтың 4 жауап нұсқасы бар, ойлануға 30 секунд, әр дұрыс жауапқа 1 ұпай берілді. Екінші «Топжарған» – 7 сұрақтан тұрды. Бұл кезеңде барлық сұрақтардың жауабы бір тақырыпты қамтыды. Әр сұраққа 30 секунд, дұрыс жауапқа 1 ұпай берілді. Үшінші «Медиа» – 7 сұрақтан тұрды. Медиа тақырыбындағы сұрақтар кезеңінде әр сұрақка ойлануға 60 секунд берілді. Төртінші кезең «Тақырып» – 7 сұрақтан тұрды, олардың жауаптары бір ортақ тақырыппен біріктірілді, әр сұраққа 60 секунд, әр дұрыс жауапқа 1 ұпай берілді.
Квиз сайысының тартысты сәті – «Капитандар» кезеңі болды. Капитандар бөлек, топ болып ойнады. Әр сұраққа 60 секунд, дұрыс жауапқа 1 ұпай. Капитан мен топтың ұпайы қосылды. Сондай-ақ, «БәсТайм» кезеңі – 7 логикалық сұрақтан тұрды, әр дұрыс жауап үшін берілетін 1 ұпайға қосымша 1 ұпай берілді.
Әр кезеңнің сауалдары бір-бірінен ерекше, әрі күрделі болды. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев сайысты қорытындылай келе, қатысушыларды 25 қазан ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Квиз сайысының танымдық білім жетілдіруде ұтымды бастама екендігін алға тартты. Рухани азық пен шығармашылық даму сыйлайтын ұжымдық сайыстарды түрлі бағытта ұйымдастыруды дәстүрге айналдыруға шақырды.
Нәтижесінде жүлделі бірінші орынды «HUSTON» тобы жеңіп, 25 мың теңгелік сертификат иеленді. Екінші жүлделі орынды – «Сыр білімі» тобы қанжығасына байлап, 15 мың теңге сертификат алды. Ал үшінші орын облыстық ҚХА атынан қатысқан «TORNADO» тобына бұйырды. Оларға 10 мың теңгенің сертификаты табысталды. Барлық белсенді қатысқан топтарға Алғыс хат берілді.

БӨЛІСУ