ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Болат Керімбек пен Максим Рожин Сыр еліне жұмыс сапары аясында облыс орталығында ашылған нысандардың жұмысын бағамдады.
Алдымен Сол жағалаудағы «Оқушылар сарайына» табан тіреген меймандар орталықтағы арнайы жабдықталған сыныптармен, үйірмелермен танысты. Құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 350 орындық «Оқушылар сарайы» «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен ағымдағы жылы ел игілігіне табысталған болатын.
Бүгінде мұнда ұлттық әуендер, телестудия, биология-химия, гидропоника, гимнастика, би сыныптары жұмыс жасауда. Соңғы үлгімен жабдықталған орталықта жылыжай ашылып, бақша өнімдерін өсіру де қолға алынған.
Өңірдегі сәулеті келіскен, теңдесі жоқ орталық оқушылардың жаңа салаларға зейінін ашып, олардың түрлі тәжірибе жасауына үлкен жағдай туғызып отыр.
Аймақ басшысының бастамасымен, партияның Жол картасы аясында және демеушілердің қолдауымен өңірімізде әлеуметтік маңызы бар орталықтар саны артуда. Соның ішінде, күннен күнге көркейіп келе жатқан шаһарымыздың Сол жағалауында бірқатар нысандар халыққа пайдалануға берілсе, әлі біршамасының құрылысы жүргізілуде.
Бұдан кейін, халық қалаулылары «Теннис орталығының» жұмысымен танысты.
Халықаралық стандарттарға сай жабдықталған теннис орталығы аймақ тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануға жол ашуда. Бүгінде өңірімізде бұқаралық спортпен шұғылданатын азаматтар саны 328 597 адамға жетті.
Айта кетейік, тұрғындардың сұранысына сәйкес үстел теннисі орталығын салуға облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген болатын. Оған «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 млн теңге қаржы бөлді. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 31 қызметкер жұмыс жасауда.