Кешелі бері барша Қазалы жұртшылығы елдіктің ақ туын көкке көтерген ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мерейтой аясында түрлі мәдени-көпшілік іс шаралар өтіп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен бірқатар жаңа нысандар аудан тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді.

Бүгін аудан орталығында мерейтой аясында пайдалануға берілген «Әмір Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен республикалық турнир басталды.

Республикалық турнирді аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев сөз сөйлеп ашып, палуандарға сәттілік тіледі.
-Баршаңызды алдымен қазақ хандығы кезеңінде Сыр бойында халықтың басын біріктіріп, бір мақсат жолына жұмылдыра білген тарихи тұлға, батыр бабамыз – Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін өздеріңізбен бірге мерейтой аясында ұйымдастырылған тағы бір үлкен шара – қазақ күресінен өтетін республикалық турнирде бас қосып отырмыз. Бүгінгі турнирге еліміздің Алматы, Түркістан, Жамбыл, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан 200-ге жуық спортшы келіп, боз кілемде бақ сынауда. Білек пен жүрек сай келген нағыз балуандардың бәсекесіне сәттілік тілеймін, – деді Жалғас Оңғарұлы.

Республикалық турнирде 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары түйе палуандар бақ сынасты. Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаз палуандарға басқа өңірлерде тұратын жерлестеріміз және қазалылық кәсіпкер азаматтар, ауданның Құрметті азамттары мен спорт саласының ардагерлері арнайы қаржылай сыйлықтар табыстап, марапаттады.

БӨЛІСУ